Мәскеудегі Мещанский соты Дағыстанның бұрынғы премьер-министрі Мұхтар Меджидовты 5 жылға бас бостандығынан айырып, 900 мың рубль айыппұл салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап. 

Мұхтар Меджидов Қорғаныс министрлігі РСП-10МН-1 радиолокациялық жүйесін дайындауға бөлген қаржыны ұрлады деп айыпталған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес қаржының бір бөлігі Меджидов басқарған «Русская радиоэлектроника» кәсіпорнына бағытталған. 

Мемлекеттік айыптаушы экс-премьерді 8 жылға соттауды сұраған. Бірақ сот 5 жылға бас бостандығынан айырып, қосымша айыппұл салды.

Мұхтар Меджидов пен Фиряз Фарманов күдікті деп танылған алаяқтық дерегіне қатысты істі 2021 жылдың ақпанынан бастап қараған. Дегенмен күдіктілер өз кінәларын мойындамапты. 

Еске салайық, Мұхтар Меджидовтің ұлы Муртузали Меджидов 21 жастағы Томирис Байсафаны өлтірді деп айыпталған. Томиристің мәйіті 2018 жылдың сәуірінде оқу орнының маңынан табылған. 

Бастапқыда студенттің өлімін «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен тергеген. Кейін бұл бап кісі өлтіру бабына ауысты. Тергеу деректеріне сәйкес Меджидов қызды алдымен ұрып, кейін 4-қабаттың терезесінен итеріп жіберген. Сот оны 13 жылға бас бостандығынан айырды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!