Егер бала 18 жасқа дейін азаматтығын ауыстырса, Ұлттық қордан бөлінетін жинақ ақшаны ала алмайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Бұл қаржы басқа жеткіншектердің арасында бөлінеді. Ал 18 жасқа дейін Қазақстан азаматтығын өзгертпей, басқа елге көшіп кетсе, онда қорда жиналған қаражатты толық алуға құқылы.

Министр Әлібек Қуантыров кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің арнайы шоттары бойынша кірісті бөлу параметрлерін түсіндіріп берді. Елімізде алты жарым миллион баланың шотына Ұлттық қордан қаражат аударылуы тиіс.

Жылдық инвестициялық кіріс болмаса да, балалардың шотына Ұлттық қордан ақша аударылады. Министрдің сөзінше, нақты бір жылдың қорытындысы емес, он сегіз жылдың орташа көрсеткіші арқылы қаражат бөлінеді. Себебі кіріс көрсеткіші әр жылы әртүрлі болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұған салық салынбайды. Яғни шотта қанша теңге жинақталса, сол соманы толық пайдалануға мүмкіндік бар. Алайда қаражатты отбасының басқа мүшелері пайдалана алмайды. Ол тек шот иесіне тиесілі.

“2024 жылдан бастап осы тетік іске асырылады. 18 жасқа дейінгі балаларға тиісті инвестициялық кірістің 50%-ы түседі.  50% жылдың қорытындысы бойынша әр балаға үлестіріледі. Мысалы, инвестициялық кіріс теріс болса, тек бір жылдың кірісін ғана алмаймыз. Орташа 18 жылдағы кірісті аламыз”, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!