Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде той көйлегі тәрізді торт қызу талқыланды. Желі қолданушылары арасында екіұдай пікір тудырған тортты ақтөбелік кондитер Самал Асанова әзірлеген. Туынды авторының айтуынша, «Келіншек» тортына ешкім тапсырыс бермеген, тәтті тағам той индустриясына арналған іс-шарада шоу ретінде көпшілік назарына ұсынылған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видеосы лезде тарап кеткен тортқа қатысты желіде оң пікір де, терісі де бар. Алайда желі қолданушыларының көпшілігі торттың көйлек етегінде орналасқанын құп көрмеген. «Бұл, менің ойымша, нанға, асқа деген құрметсіздік», «Ас атасы – нан деген, нанды қорламау керек», «Тамаққа обал ғой», – деп жазады желі қолданушылары. Осы орайда тортты жасап шығарған Самал Асанова сыни пікір білдірген желі қолданушыларына жауап беріп, «Келіншек» тортын жасағандағы мақсатын айтты. «Бұл той емес, Wedding Star Kazakhstan атты үйлену тойын ұйымдастыру саласындағы іс-шара болған. Ол жерде асабалар, жалпы той индустриясына қатысы бар адамдар жиналды. Тойға арналған іс-шара болғасын осы тортты ел назарына ұсынғым келді. Мұндағы ойым – жалпы біз де осындай қиын торттарды жасай аламыз деген ниет», – дейді Самал. Самалдың кондитерлік салада еңбек етіп жүргеніне алты жылдан асқан. Өз сөзінше, ол бұрыннан 3D торттардың түр-түрін жасап жүр. Кондитердің сөзінше, жасалуы қиын түрлі тәттілер пісіру тәжірибесінде оның еңбегін ел көлемінде осынша қызу талқылаған емес.

«Неше түрлі қиын торттар жасап жүрмін. Осы іс-шарада «Келіншек» тортының жанында тағы торттар болды, олар: «Сәукеле» торты, «Бесбармақ» торты, «Бесік» торты. Теріс пікір неден туындап жатыр? Менің түсінгенім – ел тортты «адамның денесіне жабысқан», «наны жерге былғанып жатыр», «антисанитария» деп ойлаған. Бірақ мен торт пісіру саласында алты жылдан астам тәжірибем болғандықтан, бұл жағын ескердім. Бір ай бойы дайындалдық. Конструкциясын жасадық. Санитариялық, техникалық талаптар қадағаланды. Яғни конструкцияның төменгі бөлігінде торт болған жоқ. Торттың жеуге келетін бөлігі тек алдыңғы жағы. Сырт көзге торт толығымен жеуге келетіндей көрінді. Бұл шоу-торт. Сондықтан ол адамдарға эмоция, әсер қалдыратындай болуы керек. Бұл фокус өнері сияқты, оған адамдардың реакциясы әртүрлі болып келеді. Бұл да солай, бұл тортқа шығармашылық тұрғыда қараған дұрыс», – дейді туынды авторы. Самал Асанова торт пішінінің бастапқы идеясы шетелдік кондитерлердікі екенін жасырмайды. «Бұл – әлемдік деңгейде өте танымал конструкция.Тіпті маған желідегі оқырмандарым бірнеше рет осы тортты жасап көріңізші деп ұсыныс айтып, суретін жіберген. Бірақ оның орайы енді туды. Той ұйымдастырушы Гүлнұр ханым екеуіміз ақылдаса келе осы тортты ел назарына ұсынуды жөн көрдік. Өйткені мен тойға мұндай тортты ешкім тапсырыс бермейтінін түсіндім, маған ең болмаса бір рет жасап көру керек болды. Қазақстанда да бір адам шетелдік кондитерлердің идеясын неге қайталап көрмеске?!», – дейді Самал. Кондитердің қолынан бұдан басқа түрлі пішіндегі торттар шыққан. Мысалы, оған адамның бет-бейнесі формасында , бесік, құс, глобус, панда, тігін машинасы пішініндегі тәттілерге тапсырыс берген екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!