Әлемдегі саяси ахуалдан бастап, үйдегі ұсақ-түйекке дейін мәлімет беретін ChatGPT-дің дәурені жүріп тұр қазір. Минутқа жеткізбей сауалыңа ақпарат ұсынатын осы көмекшінің пайдасы көп. Дегенмен «адамдар телефоннан ажырамайды» деп дабыл қаққан қоғамда қосымшаның кері әсері де жоқ емес. Бүгін осы тақырыпты егжей-тегжей талқылауды жөн көрдік.
ChatGPT-ден сұрап көрмедің бе?
Әлдененің жауабын іздегенде осы тіркес ойға бірінші келеді. Ақылды қосымша адам өміріне енгелі Google-да, Yаndex-те «жолда қалғандай» пікір қалыптасты. Расында, «түйсігі жоқ», бірақ түрлі сезімді түсіндіре алатын бұл қосымшаны OpenAI компаниясы адамзат игілігі үшін жасаған. Осыдан он бір жыл бұрын жасанды интеллектінің жалпы жобасы құрастырылып, 2018 жылы алғашқы GPT моделі таныстырылды. Ол үлкен көлемдегі мәтіндерді оқып, тілдің заңдылықтарын үйренетін жаңа тәсілді көрсетті. Арада бір жыл өткен соң GPT-2 жарық көрді және ол бұрынғы модельге қарағанда әлдеқайда сапалы мәтін жаза алуымен ерекшеленді.
Ал GPT-3-те мүмкіндіктер одан әрі кеңейіп, жасанды интелект түрлі сұраққа жауап беру, мәтін жазу және аударма жасау сияқты тапсырмаларды орындай бастады. 2022 жылдың қарашасында көпшілікке ұсынылған нұсқамен адамдар еркін сөйлесіп, ақпарат алып, мәтін жазып, бағдарламалауға және оқуға көмек ала бастады. Қазіргі таңда қоғам GPT 5.5 архитектурасына негізделген нұсқаны пайдалануға мүмкіндік алды. Осы орайда «жасанды интелект қалай жұмыс істейді?» деген сауал көпшілікті қызықтыратыны анық. Себебі телефонның арғы жағында көпті көрген дана қарт немесе сезіміңді тап басатын жақының отырғандай болатын сәттер жиі қайталанады. Бірақ адам тәрізді «тіл қататын» жасанды интеллект моделі кітаптар, мақалалар және басқа да ашық әрі лицензияланған мәтіндерден тілдің заңдылықтарын үйренген. Ол бір мезетте ақпаратты түсіндіріп, мәтін жазуға көмектесіп, түрлі тапсырманы еш қиындықсыз орындай алады. Жауаптарды үйренген заңдылықтар негізінде құрып беретін жасанды интелекттің есте сақтау қабілеті мен сана-сезімі жоқ. Әйтсе де ол «ішіңдегіні білетін» қасиетімен көш бастап тұр.
ChatGPT-дың адам емес екенін баса айттық. Сондықтан оны дұрыс пайдаланбаса немесе берілген жауапқа сын көзбен қарамаса, зиян келтіретін тұстары бар. Мәселен, қате ақпарат беруі ғажап емес. Кейде сенімді естілетін, бірақ дәл емес немесе ескірген ақпарат ұсынуы ықтимал.
Ең қауіпті тұсы болашақта жасанды интелект адамдардың сыни ойлауын әлсіретуі мүмкін деген болжам. Егер адам барлық жауапты дайын күйінде алып, тексермей қабылдай берсе, өз бетінше ойлану мен іздену процесі азаяды. Қазірдің өзінде оқушылардың GPT дайындаған үй тапсырмасын немесе ғылыми жұмысты өз еңбегі ретінде көрсетіп жүргені жасырын емес. Сондай-ақ қосымша жоғары тәуекелді шешімдерде қателесуі мүмкін. Медициналық, заңды немесе қаржылық мәселелерде берген жауабы кәсіби кеңестің орнын алмастырмайтынын естен шығармаған жөн. Осы орайда «Жасанды интеллект» институтының директоры Нұрлан Құлмырзаевтан жасанды интеллектінің пайдасы мен зияны турасында сұраған едік.
– GPT-ді жұмыс барысында, күнделікті өмірде қолданамын. Бүгінде ол мен үшін іздеу жүйесінің орнына емес, интеллектуалды көмекшіге айналды. Мысалы, ресми құжаттардың құрылымын жасау, ғылыми мақалаларды талдау, бірнеше дереккөздегі ақпаратты салыстыру немесе жаңа идеяларды пысықтау кезінде пайдаланамын.
Бірақ бір маңызды қағида бар: ChatGPT – ақпарат көзі емес, ақпаратпен жұмыс істейтін құрал. Ол кейде негізі жоқ деректі де сенімді түрде айтып беруі мүмкін. Жасанды интеллект саласының жетекші ғалымдарының бірі Йошуа Бенджио да AI берген кез келген жауапты тексеру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Сондықтан маңызды құжаттарда, ғылыми жұмыстарда немесе заңдық мәселелерде міндетті түрде ресми дереккөздерге сүйенемін.
Айта кететін жайт, халықаралық зерттеулерге сәйкес, генеративті AI құралдарын қолданған мамандардың өнімділігі орта есеппен 20-40% артады. Сондықтан мәселе ChatGPT қолдануда емес, оны сауатты қолдануда.
Ал ChatGPT пайдаланудың қазіргі және келер буынға келтірер қауіпі деп ең үлкен үш тәуекелді атар едім.
Біріншісі – ойланбай көшіру мәдениеті. Қазір кейбір оқушылар мен студенттер тапсырманы түсінуге емес, дайын жауап алуға ұмтылады. Бұл академиялық адалдыққа ғана емес, кәсіби құзыреттіліктің қалыптасуына да әсер етеді.
Екіншісі – жалған ақпаратқа сену. ChatGPT жауапты өте сенімді стильде береді. Бірақ ол қателесуі мүмкін. Сондықтан ақпаратты тек табу емес, оның дұрыстығын тексеру – негізгі дағдыға айналды.
Үшіншісі – цифрлық теңсіздік. AI құралдарын тиімді қолдана алатын адамдар мен қолдана алмайтындардың арасындағы айырмашылық жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, LinkedIn негізін қалаушы Reid Hoffman болашақта еңбек нарығында AI-мен жұмыс істей алатын мамандардың артықшылыққа ие болатынын бірнеше рет айтқан. Сондықтан біз жастарға ChatGPT-ді пайдалануды емес, AI-мен бірге жұмыс істеуді үйретуіміз керек.
Қазақстан үшін де бұл өте өзекті мәселе. Себебі біз енді ғана цифрлық экономиканы қалыптастырып жатырмыз, – дейді Нұрлан Серікұлы.
Кітап пен ChatGPT-ді қарсы қою дұрыс емес
ChatGPT ең жақын серігімізге айналған сәттен бастап, қоғамда кітап оқу мәдениеті де құлдырап кеткендей көрінеді. «Жастар кітап оқымайды» деген мәселе бұрыннан бар. Бірақ соңғы жылдағы статистистика қарын аштырады. Бәлкім, дайын ақпарат тұрғанда кітапқа қол созуға уақыт таптырмайтын болар.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеу нәтижесіне көз салсақ, қазақстандықтардың тек 46,8 пайызы кітап оқуды дағдыға айналдырған. Бұл ел тұрғындарының кітап оқуға бос уақыт таппайтынынан немесе кітапты дамыту құралы ретінде қарастырмайтынынан хабар береді.
Деректерді талдау барысында бірқатар тұрақты заңдылықтар анықталған. Бір қызығы, кітап оқушының әлеуметтік жағдайы маңызды рөл ойнайды. Мәселен, әлеуметтік жағдайы жоғары топтың жиі кітап парақтайтыны белгілі болған. Сондай-ақ ерлерге қарағанда әйел адамдардың және алпыс жастан жоғары буынның кітапты өмірлік досқа айналдырғанын білдік. Ең өкініштісі, 29-45 жас аралығындағы азаматтар ең аз кітап оқитын топқа жатады.
ҚҚДИ жарияланған оқырман белсенділігінің статистикасы да назар аудартады: сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі – 51,2 пайызы бір жыл ішінде бір кітап та оқымағанын айтқан. Респонденттердің тағы 29 пайызы 1-3 кітаппен шектеліпті. Сауалнамаға қатысқандардың аз ғана бөлігі тұрақты түрде кітап оқитынын жеткізген: 10,1 пайызы жылына 4-6 кітап, 4,3 пайызы 7-ден 10 кітапқа дейін, ал 4,8 пайызы жылына оннан астам кітап оқиды.
Қазақстандықтардың бос уақыты жүйесінде кітап оқу соңғы орындарда тұр. Ең көп таралғандары – туыстарымен және достарымен кездесу (50,6%), үй шаруашылығымен айналысу (44,3%), интернетті пайдалану (37,7%), балалармен айналысу (32,7%), теледидар көру және радио тыңдау (30,5%), табиғатта серуендеу (24,7%), мәдени шараларға қатысу-фильмдер, театр, концерттер тамашалау (14,5%). Респонденттердің тек 11,8 пайызы, яғни әрбір оныншы қазақстандық қана бос уақытында кітап пен газет оқуды таңдайды екен.
Осы тұста сөзіміз біржақты болмасын деген оймен мәселенің мәнжайын қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №5 кітапхананың кітапханашысы Сынасапова Күлайшадан сұрадық.
– Менің бағалауымша, қазіргі жастардың кітап оқу мәдениеті бұрынғыдан жанданып келеді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі кітап клубтары мен кітапқа арналған парақшалар жастарды оқуға ынталандыруда. Дегенмен, қысқа бейнероликтер мен әлеуметтік желілерге көп уақыт бөлудің салдарынан кейбір жастар көлемді шығармаларды оқуға шыдамсыздық танытады.
Жалпы алғанда, бүгінгі жастардың кітап таңдауы заман талабына сай өзгергенімен, кітапқа деген қызығушылықтың сақталғаны қуантады. Ең маңыздысы – қандай кітап оқыса да, ол адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына ықпал етуі тиіс. Олар көбіне өздерін дамытуға, өмірді түсінуге және қызықты оқиғаларға негізделген кітаптарды таңдайды. Мысалы махаббат, детектив, фантастика, фэнтези, тарихи романдар. Сонымен қатар соңғы жылдары Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов сияқты қаламгерлердің шығармаларына қызығушылық артып келеді.
Баса айтатын жайт, ешбір интернет жүйесі кітапты толық алмастыра алмайды. Өйткені кітап адамның ойлау қабілетін, тіл байлығын және рухани дүниесін дамытады. Ал интернет пен ChatGPT – білім алуды жеңілдететін көмекші құрал ғана деп ойлаймын. Ал өзім ChatGPT көмегіне жүгінбеймін, – дейді Күлайша Жұмашқызы.
Кітапханашының пікірінен кейін, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әл-Фарабидың даналығы еске түседі. Сан ғасыр бойы адамды өнер мен мәдениетке тәрбиелеген кітаптың орнын жасанды интелект баса алмайтынын сала маманы Нұрлан Құлмырзаев та баса айтты.
– ChatGPT сізге «Абай жолын» бірнеше минутта қысқаша мазмұндап бере алады. Бірақ ол шығарманы оқыған кездегі сезімді, автордың тілін, философиясын, кейіпкерлердің психологиясын жеткізе алмайды.
Америкалық нейробиолог Мэриэнн Вулфтің зерттеулерінде терең оқу адамның аналитикалық ойлауын, эмпатиясын және ұзақ мерзімді есте сақтау қабілетін дамытатыны көрсетілген. Ал ChatGPT негізінен ақпаратты тез өңдеуге көмектеседі. Меніңше, болашақтың формуласы өте қарапайым: кітап – терең білім береді, ал жасанды интеллект сол білімді жылдам қолдануға көмектеседі. Сондықтан кітап пен ChatGPT-ді қарсы қою дұрыс емес. Нағыз бәсекелестік кітап пен AI арасында емес. Нағыз айырмашылық – AI-ды саналы қолданатын адам мен оны тек дайын жауап алу үшін пайдаланатын адамның арасында болады, – дейді ол.
Мәселе ChatGPT-де емес, оны қалай қолданатынымызда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында АҚШ-қа барған сапарында «OpenAI» компаниясымен серіктестік орнатуға уағдаласып келген еді. Бұл келісім елдегі білім жүйесін дамытуға бағытталған. Жасанды интеллект саласындағы алып компания технологияларын қанатқақты жоба ретінде бастауға қолайлы деп елімізге қызығушылық танытты.
Қазақ – Америка университетінің Президенті Асылбек Исақовтың айтуынша, бүгінде еліміз «OpenAI» компаниясымен ынтымақтастық орнату мақсатында белсенді жұмыс жүргізуде.
– «OpenAI» тарапынан елімізге үлкен қызығушылық бар. Компания технологияларын білім саласында сынақтан өткізуге дайын және елімізді қанатқақты алаң ретінде таңдауға ықылас білдіріп отыр. Біз мұндай жаһандық серіктеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Әрбір университет өз ерекшелігіне қарай «ChatGPT» сияқты құралдарды сабақ барысына пайдалану жолдарын қарастырып жатыр. Бұл студенттер үшін оқу үдерісін барынша ыңғайлы әрі нәтижелі етуге мүмкіндік береді. ChatGPT қолданылғаннан кейін студенттердің білім деңгейі тереңдеп, ойлау қабілеті арта ма, жоқ па бақыланатын болады. Өйткені жасанды интеллект оқу материалын тиімді меңгеруге, ақпаратты жылдам өңдеуге, талдау жасауға мүмкіндік береді, – дейді А.Исақов.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ChatGPT-ді дұрыс қолдана алсақ, пайдасы ұшан-теңіз. Шектен тыс сенсек, зияны да өзімізге тиеді. Осы орайда «оқушылар да ChatGPT арқылы үй тапсырмасын орындайды» деген мәселені жиі естіп жүрміз. Мектептегі мән-жайды білу үшін И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағжан Бақытжанқызымен тілдестік.
– Технология дамыған заманда оқушылардың сабақ барысында ChatGPT-ды қолдануына түбегейлі қарсы емеспін. Орынды қолданса құптаймын, іздену мақсатында сауалдар қойып, жаңа дүниені игерсе жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Дегенмен жасанды интеллект көмегіне толықтай сеніп алмау керегін оқушыларыма жиі ескертемін.
Жаңа технолоияның жақсы да, жаман да тұстары бар. Білім беру үдерісіне пайдасы, біріншіден уақытты үнемдей аламыз. Әртүрлі тақырыпқа сай идеялар алуға болады. Алайда оны шектен тыс пайдалану есте сақтау қабілетін төмендетеді және ондағы ақпараттардың дұрыстығына жүз пайыз сенімді емеспіз.
Кейде үй тапсырмасын қосымша көмегімен орындайтын оқушылар кездесіп отырады. Өз еңбегімен орындайтын оқушылардың да қарасы қалың. Мектеп тарапынан тыйым салынған деген арнайы ереже болмаса да ескертулер мұғалім тарапынан үнемі айтылып отырады. Мектептегі білім мен кітапханадан алатын рухани ілімнің орнын жаңа технология алмастыра алмайды. Кітаптың құндылығы қашанда жоғары бағаланады. Осы мысалды оқушыларға салыстыра айта отырамыз, – дейді Бағжан Бақытжанқызы.
Болашақта ChatGPT адамдардың сыни ойлау қабілетіне кері әсер етеді деген пікір бар. Осы орайда «барлық ақпараттың қолжетімді болуы адам миын «жалқау» етуі мүмкін бе?» деген заңды сауал туындайды.
– Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бұрын адамдар калькулятор шыққанда «енді ешкім есептей алмай қалады» деді. Кейін интернет шыққанда «ешкім кітап оқымайды» деген пікір болды. Бірақ өмір көрсеткендей, технология адамның қабілетін жоймайды, оны өзгертеді. ChatGPT де дәл сондай құрал. Егер адам дайын жау- апты көшіріп қана отырса, әрине, ойлау қабілеті әлсірейді. Ал егер ChatGPT-ден бірнеше нұсқа сұрап, оларды салыстырып, дәлелдерін тексеріп, қарсы пікірлерді іздесе, онда сыни ойлау керісінше күшейеді. Microsoft пен Гарвард университеті жүргізген соңғы зерттеулердің бірі де осыған назар аударды: генеративті AI күнделікті ойлау жүктемесінің бір бөлігін өзіне алады. Сондықтан адамдардың ең маңызды дағдысы енді ақпаратты есте сақтау емес, дұрыс сұрақ қоя білу, алынған жауапты бағалау және шешім қабылдау болады. Сондықтан менің ойымша, мәселе ChatGPT-де емес, оны қалай қолданатынымызда, – дейді Н.Құлмырзаев.
Айта кетейік, ChatGPT-ді қолдану барысында жеке деректердің қауіпсіздігіне аса абай болған жөн. Көмекшіге өте құпия немесе жеке мәліметтерді (мысалы, банк деректері, құпиясөздер, жеке құжаттар) жібермеген дұрыс. Қай сәтте де жасанды интеллектіні сенімді серік ретінде емес, көмекші құрал ретінде қарастырған дұрыс.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
