Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де әріптесіміз, жас ақын Айдар Сайлауовтың «Аман жүр ме екен, ауылдағы анам?!» тақы­рыбында әдеби-сазды кеші өтті. Поэзиясүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлаған кешке сту­дент­тер, ақындар мен өнерлі жастар қатысты.

Шығармашылық кеш еркін форматта ұйымдастырылды. Алдымен ақын өлеңдерінен театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды.

– Айдар Сайлауов – Сыр бойындағы өзіндік қолтаңбасы, қалың оқырманы бар ақын, алдымыздағы жол көрсетуші ағамыз. Ақынның сөзіне жазылған «Аналар ауырмасыншы» атты әнін эстрадалық бағытта орындадым. Кеш жоғары деңгейде өтті, – деді өнердегі інісі, жыршы Күмісбек Айжарықов.

Екі сағатқа созылған поэзиялық кеш жастардың рухани кемелденуіне, аға буынның жастық шағына сапарлауына ықпал етті. Кеш соңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова мен облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Тілес сөз алып, кеш иесіне арнайы алғыс хат, сый-сияпат табыстады.

Айта кетейік, Айдар – Сағитжан Бермағамбетов атындағы жастар сыйлығының, Қызылорда қаласы әкімінің «Ұшқыр қалам» номинациясының және «Сыр үміті» сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!