Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше,  «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізілуде. 

“2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада. 

Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай оның үйде ем қабылдап жатқанын хабарлаған болатын. 

Еске сала кетсек, Ұлттық музей директорының үйіне осыдан он күн бұрын тінту жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын. Артынша өзіне қол жұмсады деген мәлімет те желіні шулатты.

Кейін белгілі болғаны, Мұхамедиұлы аяғына ота жасатыпты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейдің бірнеше лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүріп жатқанын бұдан бұрын да хабарлаған. 

Шарттың жалпы сомасы 1 миллиард 2 миллион теңгені құраған. Ал Ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары 146 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілініп отыр.

Айта кетейік, Мұхамедиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты негізсіз тексеру басталды деп, президенттен көмек сұраған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!