Елімізде жаңа ереже бойынша аттестациядан өтпеген мұғалімдер жұмыстан шығарылмайды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шолпан Каринова мәлімдеді.

Аттестация ережесі бойынша, педагогикалық шеберлікттің төрт санаты – модератор, сарапшы, зерттеуші немесе шебер бойынша тестілеуден өтіп, эссе жазу керек. Педагог төрт санаттың біреуін растаса, соған қарай қызметтік жалақысына 30-50 пайыздық үстемеақы алады. Каринованың айтуынша, аттестация педагогтерді жұмыстан шығару процедурасы емес, бұл – олардың ынталандыру механизмі.

Аттестация педагогтердің біліктілігін және жалақысын көтеру мақсатында өткізіліп тұрады. Жаңа ережеге сәйкес, педагог қызметтік жалақысына 30-50 пайыздық үстемеақы алады. Қазіргі аттестацияны 2018 жылғымен салыстырсақ, дәл осы үстемеақылар жағынан үлкен айырмашылық бар, – дейді Оқу-ағарту вице-министрі.

Осы орайда Каринова нақты мысалды да келтірді. Мысалы, педагогтің жалақысы 100 мың теңге болса, аттестациядан кейін тағы 50 мың теңгелік үстемеақы алу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен балабақшада, мектепте, колледжде және басқа да білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді аттестациядан өткізу туралы ережеге өзгеріс енгізген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!