Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балабақшаға баратын балалар бюджет қаражаты есебінен тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Бұған дейінгі негізгі мақсат 3-6 жастағы балаларды қамту болса, енді Президент тапсырмасына сәйкес 2 жастан бастап қамту міндеті қойылып отыр. Ол үшін балабақшаларда жаңа орындарды ашу жоспарда бар. Келесі жылдың өзінде биылмен салыстырғанда орын 2,5 есеге көп ашылады. Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі өзгертіледі. Балабақша қызметінің сапасын қамтамасыз ету үшін кешенді іс-шаралар қабылданады. Орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және қайталануды болдырмау үшін балабақшаларға орталықтандырылған бірыңғай кезек енгізіледі. Сәйкесінше бұл қызметті egov мобильді қосымшасы мен банктердің де қосымшаларынан алуға болады», — дед министр.

Оның атап өтуінше, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балабақшаға баратын балалар бюджет қаражаты есебінен тегін тамақпен қамтылады.

«Бұл — ерекше маңызға ие бастама. Неге десеңіздер, ата-аналар әлеуметтік қиын жағдайына байланысты балабақшадағы тамаққа төлейтін ақшалары болмағандықтан, баланы кезекке де қоймайды, балабақшаға да бармайды. Енді Президенттің тапсырмасына сәйкес 150 мыңнан астам бала тамақпен қамтамасыз етіледі. Ол өз кезегінде баланың одан әрі дұрыс дамуына, болашағына ықпал етеді. Тағы бір көпшілік көтеріп жүрген мәселе, ол – 1-4-сыныптарды тамақпен қамтамасыз ету. Бұл мәселе Президент бағдарламасында көзделген. Осылайша, тағы 1 млн-нан астам балаға бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі», — деді Асхат Аймағамбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!