Жұмысшы маманның табан ақы, маңдай терімен атқарған қызметін насихаттап, беделін өсіруді, өндіріс саласындағы дәстүрлі жолды бүгінгі буынға үлгі етуді мақсат еткен «Алтын дән − 2022» мерекесі қарсаңында еңбек адамдары абырой биігінен көрінді. Олардың қатарында «Озат агроном» номинациясын иеленген Бименде Нұрымбетов те бар.

Дәл қазір қырман басындағы қызу тірлік маусымы аяқталды. Жаз бойы жұмсалған күш пен еңбектің өтеуі ретінде берілген Жер ананың тартуын ысырап етпей жинайтын үлкен мереке әрі бейнетті кезеңді артқа тастап, арқаны кеңге сала­тын тұс. Табиғатпен етене жақын осы кәсіптің нағыз маманы Бименденің биыл шаруасы оңды, еңбегі берекелі. Ақ маржан­ның арасында жүрген жаспен жұ­мыстың жай-күйі жай­лы сұрағанымызда, науқан жаңалығын аз сөзбен-ақ әңгімелеп берді.

‒ Шаруа адамының егістік барысындағы көретін қиындығы да, қызығы да көп. Ел тегіс ұйқыда жатқанда, таң азанымен жұмысқа жиналасың. Сырдың ыстығы белгілі, егістікте жүргенде мазаны алады. Уақыт өте келе  бала-шағаның қамы үшін қиындықтың бәріне де төселдік. 

Бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін. Алғаш Мөралі Шәменов ауылындағы №34 орта мектепті бітірген соң, қаладағы Исатай Әбдікәрімов атындағы политехникалық колледжіне агрономия мамандығы бойын­ша оқуға түстім. Одан соң Жалағаш ауда­нындағы фитосанитарияда карантин ны­сан­дарын анықтаушы болып қызмет істедім. Ал 2017 жылы өз ауылыма келіп, бас агроном мамандығына жұмысқа ор­на­ластым. Биыл осы салада еңбек етіп жүргеніме бес жыл бол­ды.  Көбіне егістік басында жүремін. Көктем шы­ға егін егу қамымен жер айдап, тырмалап, тегістеп тыңайтқыш, тұ­қым шаша­мыз. Сол жұ­­мыс­­тар­дың бәрін ұйымдас­ты­рып, қада­ға­лау − менің жауапкер­ші­лігімде. Күз түсе комбайын­ның қасында жүріп, кү­ріштің ысырапсыз жиналуын қадағалап, өнім көлемін есептей бастаймыз. Биыл бізді су тапшылығы біраз алаңдатты. Бірақ су жетпей қалған жерлерге мотор  құрылғыларын орнатып, амалын жасадық. Әйтсе де бейнетімізге орай биыл жиналған өнім жылдағыға қарағанда жоғары болды. Мұның бәрі халықтың адал еңбегінің арқасы. Елдің ақ тілеуіне, маңдай теріне берген Жаратқанның несібесі. Еңбекке бас иген адамның қашанда тірлігі түзу болады, − дейді еңбек адамы.

Бименде Серәліұлы − бүгінгі таңда екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты әкенің бірі. Ауыл кітапханасында қызмет ететін жары Айқын Иманғалиқызы Бимендені әрдайым қолдап, тілеуін тілеп отырады. Ал ата-анасының ақ батасы еңбек адамына ерік-жігер беріп, жетістікке жетуіне ықпал етіп келеді.

− Осы науқан сәтті аяқталған соң, жеке шаруашылығыма мән беремін. Мал шаруашылығымен айналысып, бордақылаймын. Қыс мезгілінде де төрт түліктің күтіміне қараймын. Бұл уақыттарда демалып, көктемгі жұмыс барысына дейін қызметке бармаймын. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан еңбек адамдарына көп көмек жасалуда. Бірақ біз әлі жаспыз, әлі де көп еңбек етуіміз керек. Жалпы еңбек адамының бақыты ‒ қарапайымдылықта. Адал еңбек етіп, оның жемісін көру біздің отбасымызға шынайы қуаныш сыйлайды, − дейді кейіпкеріміз.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!