Отбасы банк «Бақытты отбасы» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат бнктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу туралы өтінім otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде (қоса алғанда) аралығында қабылданады. Ол үшін Отбасы банк клиенті болу қажет және аутентификация кодын алу үшін қолда ұялы телефон болуы керек. Қосымша анықтамалар мен құжаттар қажет емес. Жүйе үміткердің деректерін тексеріп, өтініш қалыптастырады.
Бағдарламаға қатысу үшін жергілікті органда тұрғын үй кезегінде тұру қажет. Өтінім бере алатын санаттар:
– көпбалалы отбасы;
– мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;
– толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).
Банктен мәлім еткендей, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2021 жылы өтінім берген, алайда баспана алмаған азаматтар биыл өтінімді қайта беруі қажет.
Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері автоматты түрде қалыптастырылады. Тізімдерге бөлу кезінде қатысушылардың жергілікті әкімдікте кезекке тұру күні мен санаты ескеріледі. Конкурс нәтижелерін otbasybank.kz порталынан көруге болады.
«2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Отбасы банкке 51 млрд теңге көлемінде қаражат түсті. Биыл лимиттерді бағдарламаға қатысушылар арасында бөлу кезінде басымдық өткен жылдағыдай, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі», – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Айта кетейік, бүгінге дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 14 500 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады. Тағы 326 қатысушының несие алу туралы өтінімі мақұлданды, олар қазір баспана іздеуде.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы талаптарының бірі: азаматтардың кірісі тексеріледі. Соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек (2022 жылы КМ 37 389 теңге, сәйкесінше бір отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 115 905 теңгеден аспауы тиіс).
Несие сомасының 10% тең бастапқы жарна болған жағдайда, жылдық 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген заем беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін.
Отбасы жергілікті әкімдіктер арқылы салынған тұрғын үйді немесе бастапқы және екінші нарықтағы кез келген пәтерді сатып ала алады. Сонымен қатар жеке үй сатып алуға да рұқсат етіледі. Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың маңындағы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырауда 15 млн теңгеге дейін және басқа өңірлерде 10 млн теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!