Білім саласындағы былықтар Түркістан өңірінде көптен бері көтеріліп келеді. Жас ұрпаққа дұрыс бағдар, сапалы тәлім-тәрбие беру басты міндеті саналатын білім беру мекемелерінің жұмысы ашық та мінсіз болуға тиіс. Алайда өңірдің білім саласы қателіктен сабақ алмай, жемқорлыққа жиі жол береді. Жуырда бұл саладағы заңсыздықтар мен кемшіліктер облыстық қоғамдық кеңесте айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын­да қоғамдық кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуетін толығымен жүзеге асыру керек­тігін тапсырған болатын. Осы орайда Байділдә Жылқышиев төр­ағалық ететін облыстық қоғам­дық кеңес білім саласындағы жә­не тұрғындарды ауыз сумен қамта­масыз ету мақсатындағы жұмыс барысында жіберілген кемшілік пен жемқорлық бойынша мәселе көтеріп, тиісті орындардың назарына салған еді. Қоғамдық кеңес­тің кезекті отырысында бі­лім басқармасының қызметіне жүр­гізілген сыртқы талдау нәтижесі баяндалды. Сыртқы талдау барысында жалған дипломдарды пайдалану, сотталған педагогтерді жұмысқа орналастыру, сапасыз оқулықтарды сатып алу, жұмысқа қабылдау, бақылаушы органдарды тексеру, біліктілік санаттарын беру, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу, ротация, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру және басқа да фактілер анықталған. Бұл деректерді Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек мәлім етті. Талдау барысында Арыс қаласы мен Шардара, Сауран аудандарында жұмыс істейтін мұғалімдерде соттылықтың болуы немесе болмауы зерттелген. Нәтижесінде, аталған аудандарда 8 443 мұғалімнің 90-ы қылмыстық жауапкершілікке тар­тыл­ғаны анықталды. Оның ішінде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу, ұрлау, пара беру/алу, қарақшылық дерегімен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар бар. Яғни білім беру мекемелерінде қылмыстық жауапкершілікке тар­тыл­ған азаматтар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп келген.

«Ұстаздардың жоғары білім туралы дипломдарының дұрыстығын анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Онда жұмыс тобы еліміздің жоғары оқу орын­дарына Түркістан, Кентау қалала­ры мен Сауран ауданындағы 97 білім беру мекемесінің 3 477 педа­гогінің тізімін жолдады», дейді Сәбит Әсілбек. Нәтижесінде 128 мұғалімнің дипломының заңдылығы расталмаған. Сондай-ақ сұрау салынған 30-дан астам жоғары оқу орнының тек 15-і ғана жауап берген. Қалғандарынан жауап күтіліп отыр. «Білім туралы құжаттарды тану (нострификация) мақсатында білім беру мекемелері қызметкерлерінің жоғары білімі туралы шетелдік дипломдарға Білім министрлігінің білім саласындағы сапаны бақы­лау комитетіне хат жолданды. Коми­тет­тің жауап хатына сәйкес 432 мұғалімнің 196-ның білімі тура­лы құжаттары расталмағаны анықталды. Бұл факт заң талаптарын бұзумен қатар жалған диплом ретінде қабылданады», дейді С.Әсілбек. Облыста 65 мыңға жуық мұғалім оқу орындарында жұмыс істейді және олардың дип­ломының дұрыстығын тексерген жағдайда одан да көп жал­ған дипломдарды пайдалану фактілерін анықтау қаупі бар. Қоғамдық кеңес өкілдері жоғарыда келтірілген фактілер мектептерде ақша жинау, ақша беріп жұмысқа орналасу және оқушыларға оқу процесін дұрыс оқытпауға әкелетін жалған дипломдарды пайдалану туралы куәландыратынын, бұл оқушылардың білім деңгейі­нің төмендігіне, демек қоғам тара­пынан шағымдардың көбейе­тініне әкелетінін айтуда. Алдағы уақытта мұндай сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін болдырмау мақсатында басқармаға бірқатар ұсыныс енгізілген. Ал талдау нәти­желері облыс әкімінің аппара­ты мен орталық аппаратқа жіберілген. Білім саласындағы заңсыздықтардан хабардар облыс әкімі Дархан Саты­балды жуырда өткен жиында білім саласында күрделі мәселенің көп екенін алға тартып, сыртқы талдау нәтижесімен заң талаптарына сәйкес нақты жұмыс істеуді тапсырды. Қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңге бөлінген іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеді. Білім саласындағы заң­сыз­дықтың көзін жою үшін адами факторды барынша азайтып, орталықтандыру және цифр­ландыру жүйелеріне күш салуды міндеттеді.

Адами әлеуетті дамыту бас­қар­­масының басшысы Дінис­лам Болат­ханұлының баян­дауын­ша, сыртқы талдау нәти­же­­­сінде мем­лекеттік білім беру ұйым­дарының бірінші басшы­ларының ротацияларын орын ауыстыру кестесін ескере отырып аяқтау жөнінде ұсыным берілген. Облыс бойынша 381 мектептің басшысына қызметін атқарғанына 7 жыл толған. Оның 156-сы ротация­лау комиссиясына ұсынылады. Қалған 225 білім беру ұйымы бір елді мекенде орналаспаған, сондықтан ротациялауға жатпайды. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 267 мемлекеттік мекеменің 141 мең­ге­рушісіне лауазымдық мін­детті атқар­ғанына 7 жыл немесе одан жо­ға­ры. Оның ішінде 67 мекеменің меңге­рушісі ротация­лау комиссиясына ұсынылады. Облыста жалпы 223 мекеме басшысы, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары басшылары ротациялауға жатады. Жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдеріне талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыс жандандырылады», деді басқарма басшысы. Алайда бұл басшылық тарапынан бұған дейін де талай айтылған болатын. Бірақ нақты нәтиже жоқ.

Сондай-ақ арнайы монито­ринг барысында көптеген бала­бақ­шаның бала санына сай мем­ле­кеттік тапсырыс алып отырғанымен, тексеру нәтижесінде сол бөлінген қаржыға сай бала жоқ екені анықталған. Бірқатар балабақша санитарлық және басқа да талаптарға сай емес. Облыс әкімі аппараты мен басқармалары және Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, 17 аудан, қалалардағы мемлекеттік тапсырыс берілген 1 393 балабақшаға (154 214 балаға) мониторинг жұмысы жүргізілген. Оның 268-і – мемлекеттік, 1 012-сі – жекеменшік. Жүргізілген мони­торинг барысында өрескел заң бұзу­шылық анықталған. Мыса­лы, Төлеби ауданы бойынша 6 жекемен­шік балабақшада 80% балалар тек құжат жүзінде ғана тіркелген, ата-ана өтініштерінің 90%-ы бірдей қолжазбамен толтырылған. Барлық аудан, қалалардағы жекеменшік балабақшаларда бұзушылық бір­келкі. Атап айтқанда, балабақша ғимараты жатын және ойын бөлмелері санитарлық талаптарға сәйкес емес. Құжатта көрсетілген төсек-орындармен нақты орын сәй­кес келмейді. Басқа облыстар мен қала­лардың балаларын тіркеу, жолдамада көрсетілген ата-аналар мүлдем басқа адамдар болуы, көптеген жекеменшік балабақшаларда – 40-50%-ға дейін, кейбір балабақшаларда тізімдегі ба­ла­лардың 80%-ның жоқтығы анық­талды. Жылу жүйелері қалып­ты жағ­дайдан төмен, қауіпсіздік шаралары сақталмай ирандық пешпен жылытылатындары бар. Автокөлік гаражын балабақшаның қосымша корпусына айналдыру дерегі де тіркелген. Балабақшада киім шешетін орын 1 балаға кемінде 0,7 шаршы метр, ойын бөлмесі 1 балаға кемінде 2 шаршы метр болуға тиіс. Бұл талаптар көп жерде орындалмаған. Басқарма басшысының айтуынша, кемшіліктерді қайталамау мақ­сатында мемлекеттік тапсы­рыс қаражатын «SmartNation Balabaqsha» порталында қаулыда көрсетілген тарифтеумен реттеп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту қарастырылыпты. Бұған қосымша осы портал арқылы баланың балабақшаға келіп-кетуін QR арқылы растаудың қанатқақты жобасы енгізілуде. Балабақшалар министрлік бекіткен жаңа талап­тарға сай болуы қажет. Облыс әкімі тарапынан балабақшаларға бөлінген қаржыны өз мақсатында әділ жұмсау, балабақша иелерінің жауапкершілігін арттыру, балаларға жайлы жағдай жасау, жалақы қары­зы мәселесінің алдын алу, қар­жы­ны қадағалау жөнінде тапсыр­малар берілген. Заңсыздықты анық­тап, тиісті шара қолдану үшін бар­лық жауапты сала өкілдерінің қаты­суымен арнайы комиссия құрылады.

Айтпақшы, облыста түпнұсқасы жоқ құжатты пайдаланған 50-ге жуық мұғалімге қылмыстық іс қоз­ғалды. Облыстық полиция департа­ментінің өндірісінде адами әлеуетті дамыту департаменті жүргізген тексерудің қорытындысы бойынша 10 қылмыстық іс тергелуде. Онда түпнұсқасы жоқ жоғары білім дипломын пайдаланған 11 мұғалімге ҚР ҚК-нің 385-бабы бойынша айып тағылған. Оның ішінде 5 іс мектеп мұғалімдеріне қатысты болса, бе­сеуі – балабақша тәрбиешілері. Соны­­мен қатар Түркістан, Сауран, Сарыағаш, Шардара аудандық полиция бөлімдерінде ҚР ҚК 385-бабымен 41 мұғалімге қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған. Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда қызмет­керлерден толық жауап алынып, қажетті сот-техникалық сараптамасы тағайындалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Ғалымжан ЕЛШІБАЙ

Түркістан облысы
«Egemen Qazaqstan» газітінен алынды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!