Қазақстанның қаржы министрлігі екі рет кісі өлтірді деген айып тағылып, кейін ақталған Павлодар облысының тұрғыны Дархан Дүйсенаевқа 6,3 миллион теңге төлеуі тиіс, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар соты материалдық залал мен моральдық зиянды өтеу туралы шешім шығарды.

Дүйсенаев зейнеткер ерлі-зайыптыларға қарақшылық шабуыл жасап, қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. 2019 жылдың ақпанында алқабилер соты оны дәлел болмағандықтан ақтады. Үкім шыққаннан кейін сотталушы босатылды.

Ақтау үкіміне қаза тапқандардың туыстары шағымданды, бірақ сол жылдың маусым айында қазылар алқасының жаңа құрамы Дюсенаевты кінәсіз деп тапты. Алқабилердің үкімін апелляциялық сот та қолдады.

Осыдан кейін Дүйсенаев қаржы министрлігіне, Павлодар облысының полиция департаментіне талап қойып, оны қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартқаны және қамауда ұстағаны үшін материалдық және моральдық зиян келгендіктен 70 миллион теңге төлеуді талап етті. Сондай-ақ, жігіт полиция департаментінен көпшілік алдында кешірім сұрауын өтінді.

Сот оның талаптарын ішінара қанағаттандырды.

«Мемлекеттік қазынадан Д.К.Дүйсенаевтың пайдасына материалдық зиянды өтеу есебінен 4 336 301, моральдық зиянды өтеу есебінен 2 миллион теңге өндіріп алынсын. Барлығы 6 336 301 теңге. Сот шешімін орындау жөніндегі міндет 010 «Қазақстан Республикасы үкіметінің резерві» бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ретінде Қазақстан Республикасы қаржы министрлігіне жүктелсін, –  делінген «сот кабинетінде».

Дүйсенаевтың қорғаушысы Азамат Айтжан оның тергеу изоляторында 344 күн болғанын айтты.

«Дархан аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталып, кінәлі деп танылған жағдайда 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылар еді. Сот процесі эмоционалды түрде күрделі болды, марқұмның балалары соңына дейін ең қатаң жазаны талап етті. Ешқандай себеп болмаса да. Осы уақыт ішінде Дархан моральдық азапты бастан өткерді», – деді Айтжан.

Қорғаушының айтуынша, тергеу изоляторында бір жылға жуық ұсталғанына 2 миллион теңге өтемақы аз. Соттың шешіміне шағымдану үшін оларда тағы бір айға жуық уақыт бар.

Егде жастағы ерлі-зайыптылардың өлімі 2018 жылдың ақпан айында Павлодар облысының Майқайың кентінде болған. Зейнеткерлердің денелері өз үйлерінен табылды. Кейін жедел уәкілдер қаза тапқандармен бір көшеде тұратын 27 жастағы Дархан Дүйсенаевты ұстады. Сотта жігіттің зейнеткерлердің банк карталарын пайдалануға тырысқаны анықталды. Бірақ екеуінде де ақша болған жоқ. Тергеу барысында ол карталардың пинкодын көшеде екі конверттен көргенін айтты. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!