Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласының жылусыз қалуына не себеп болғаны тергеу арқылы анықталып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде қордаланған проблемалар туралы ауыз ашпау тәжірибесі бар. Осы тәжірибе ауқымды зардаптарға алып келді. Оның салдарын жою үшін қомақты қаражат керек болды. Ол туралы жаңа ғана Премьер-Министрдің бірінші орынбасары да айтты», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аталған оқиғадан сабақ алу маңызды екенін еске салды.

«Мен болған істен сабақ алып, неге мұндай оқиға болғанын, себебін тергеу жүргізу керек деп ойлаймын. Соның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдаймыз», – деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады деп жоспарланып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!