Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлікпен шұғылданды деп айыпталған Елдос Қоспаев пен қылмыстық топ мүшелеріне қатысты тергеу бастады. Бүгінгі таңда топтың 6 мүшесіне іздеу жарияланған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ұйымдасқан қымтыстық топ 11 қатысушыдан тұрған. Агенттік тағы 6 қатысушысы мен топты ұйымдастырған Елдос Қоспаевқа іздеу жариялады. 

Ұйымдасқан топ зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы кәсіпкерлердің мүлкін тартып алумен, компаниялардағы үлесін өз атына аударумен және көлеңкелі бизнеспен айналысып келген.

“Мәселен, 2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев өзінің сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған «Profit Trade Ltd» ЖШС иелерін өз үлесінің 40% -ын топтың белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүр етті. Бұрынғы басшыларды басқармадан шеттете отырып, ҰҚТ мүшелері құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесті иеленді”, –делінген хабарламада. 

Компания алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс әкелген.

Ал, 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн.теңгеден астам инвестиция салған «Azovita Aktay» ЖШС мен «Azovita Atyray» ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіру арқылы ҰҚТ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге мәжбүрледі.

Қоспаев бастаған жоғарыда аталған қылмыстық топ мүшелері компанияларды өз бақылауына алып, оларды Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға пайдаланған.

“Өзінің жазасыздығын сезінген Қоспаев пен оның ҰҚТ мүшелері табысты кәсіпорындарды тартып алуды одан әрі жалғастырды. 2021 жылдың шілдесінде Қапшағай су қоймасында «Kapchagai Marina Сlub» ЖШС-не тиесілі құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын демалыс аймағын күшпен иемденді”, – деп қосты агенттік өкілдері. 

Бұдан бөлек Қоспаев өзінің сенімді тұлғалары арқылы Алматы қаласының ең беделді аудандарының бірінде «Есентай Сити» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүзеге асыратын «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесінің 75%ын иеленіп алған. Компанияның 25% үлесі істі болған Алмас Әбдіғаппаровқа тиесілі болған. Кәсіпкер 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй құрылысына 31 га аумақты сатып алыпты.

“Коспаев пен оның серіктестері жеке басын байыту мақсатында туыстарына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлады. 2018 жылдың қазан айынан бастап Қоспаев пен топ мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар 3 жер учаскесін, 20 кеңсе үй-жайын және 113 пәтерді иемденді. Сөйтіп 4,6 млрд теңге сомасына залал келді”, – делінген хабарламада. 

Қоспаев бірлескен мүлік иесі Әбдіғаппаровтың компанияның мүлкін ұрлаумен байланысты шағымдарын болдырмау үшін оның анасы С.Жүнісбековаға ресімделген 25% үлесін алып қою жөнінде шешім қабылдайды. Әбдіғаппаровтың қамауға алынуын оның қарт анасы С.Жүнісбековаға қысым жасау үшін қолданған. Осылайша анасына ұлын түрмеден шығаруға көмектесетінін айтып, оның орнына «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесін беруді талап етеді. 

“Топ мүшелерінің шабуылына төтеп бере алмаған Жүнісбекова ұлы үшін қорқып, компаниядағы өз үлесін өтеусіз ҰҚТ мүшелерінің атына аударып берді. Тергеу аясында ҰҚТ қылмыстық жолмен алынған мүлкіне тыйым салынды. Бұл 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер, 35 премиум көлік және 9 миллион доллар қолма-қол ақша. Сонымен қатар Қоспаев ешқандай құжатсыз Алматы облысында қала сыртындағы бассейні, тренажер залы бар зәулім үй салды”, – деп қосты агенттік өкілдері. 

Бұл үйде ол ол асыл тұқымды жылқыларды өсіріп, арыстан мен аю сынды жабайы жануарлар бар хайуанаттар бағын ұстаған.

«Қосымша ішкі істер органдарына 2018-2021 жылдар аралығында орын алған, осы үйдің қызметкерін ҰҚТ мүшелерінің бірнеше рет зорлау фактісі бойынша материал жіберілгенін хабарлаймыз. Рейдерлік басып алу фактісі және ҰҚТ жұмыс істеуіне ықпал еткен қатысушы тұлғаларды анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр» – деп мәлімдеді агенттік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!