Биыл жатақхана тапшылығы өте өзекті мәселе болды және ол әлі де шешілмеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

«Биыл жатақхана мәселесі қатты көтерілді және ол әлі басылмады. Неге десеңіз, студенттердің саны өсіп жатыр. Қазақстанда демографиялық дүмпу зор. Жалпы, жылдың басында 87 мың жатақхана орны тапшы болды. Қабылданған жедел шаралардың арқасында, яғни 3-4 айдың ішінде біз мұны 75 мыңға азайттық», – деп жауап берді Саясат Нұрбек тілші сауалына орай.

Министрдің айтуынша, орын тапшылығы мәселесі еліміздегі 4 қалада өте өзекті. Ал, қалған өңірлерде бос орындар бар.

«Бұл мәселе барлық өңірде өзекті емес. Тек Алматы мен Астанада. Өңірлердегі жатақханаларда 14 мың бос орын бар. Мысалы, қазір Өскеменде 600 төсек орын бос тұр. Сол сияқты Павлодар, Қарағанды қалаларында да бос орындар бар. Бастысы, осы ең үлкен екі қаланың мәселесін шешу болып отыр. Сосын Шымкент және Ақтөбе тұр. Осы төрт қалада жетіспеушілік бар», – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық студенттердің 54%-ы ғана жатақханамен қамтылғанын жазып едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!