ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл мемлекеттік қызметшілерді даярлаудағы өзгерістерді баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Академияда мемлекеттік тапсырыспен B+ (GPA 3,33) мәнінен төмен емес нәтижесімен оқу бітірген адамдар бір жылда жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астана мен оның аудандарындағы ЖАО, мәслихат аппаратынан, ревизиялық комиссиялардан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінен басқа) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурссыз орналаса алады. Екіншіден, академия бітірген мемлекеттік қызметшінің өзін оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеу міндеті алынып тасталды. Енді мемлекеттік қызметшіге академияда оқуын аяқтаған соң мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істеу/жұмыспен өтеу жеткілікті», – деді академия ректоры бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, жоғары оқу орындарында ЖОО-дан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен бұрын білім алған мемлекеттік қызметшілер академияның магистратурасына немесе докторантурасына қайтадан мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсе алады.

Биыл академияға түсу ережелері бойынша да бірқатар жаңашылдық бар. «Халықаралық қатынастар» бағдарламасында оқу мерзімі сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықты іске асыру үшін кадр даярлауды күшейту, оның ішінде шет тілдері бойынша тілдік даярлықты күшейту мақсатында 2 жылға дейін ұзартылды. Докторантура бағдарламалары үшін жұмыс өтілі бойынша талап 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды.

Өткен жылы басшы қол қойған жолдаманы алдын ала оқуға түсу кезінде, яғни конкурстық іріктеуден кейін тапсыруға мүмкіндік берілсе, биыл үміткерлер жүйеге қол қойылған жолдаманы 29 маусымды қоса есептегенде құжат қабылдау аяқталғанша тіркеуі керек.

Биылдан бастап модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратура мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға, яғни квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдеріне ғана арналады.

Өтінімдер қабылдау процесі 3 сәуірден 29 маусымға дейін 3 айға созылады. Конкурстың бірінші кезеңі – аналитикалық эссе жазу үшін 5 шілдеден 14 шілдеге дейінгі кезең қарастырылған. Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 29 маусымға дейін жүктеуі тиіс, Жоспар 16 шілдеге дейін (сол күнді қоса есептегенде) бағаланады.

Қорытынды кезең – сұхбаттасу, 17 шілде мен 4 тамыз күндері академияда офлайн форматта өтеді. 7 тамызда аралық қорытынды шығарылады – алдын ала қабылданған үміткерлер тізімі жарияланады, ал 14 тамызда келісімшарттарға қол қойылған соң оқуға қабылдау туралы бұйрық шығады.

Айта кетейік, Мемлекеттік басқару академиясы 29 маусымға дейін магистратура мен докторантураға құжат қабылдайды. Оған мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ квазимемлекеттік және жеке сектордан үміткерлер қатыса алады. Биыл Үкімет магистратураға 120 грант және докторантура бағдарламасы бойынша – 12 грант бөлген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!