Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс жастарын жұмыспен қамту бағытындағы тапсырмасына сәйкес облыстық «Жастар ресурстық орталығы» аймақтағы жұмыссыз, NEET санатындағы жастарға және еңбекке құлшынысы жоғары жастарға арналған «Еңбек жасақтары» жобасын жүзеге асырмақ.

Бүгінде аймақта 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 176 985-ті құрайды. NEET санатындағы жастар 7,9%, жұмыссыз жастар 4 пайызды құрайды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Тілестің айтуынша,«Еңбек жасақтарын» құрудағы мақсат – Президент тапсырмасына сәйкес 100 мың жасты жұмысқа орналастыруға үлес қосу. Жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың санын төмендете отырып, жастардың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету.

Оны іске асыру механизмі де өзгеше. Бірінші міндет – NEET санатындағы және жұмыссыз жастардың базасын жасақтау, ынталы жастарды тіркеу арқылы тізімін әзір­леу. Со­дан соң еңбек жасақ­тарының жұмысын жоспарлап, жергілікті әкімдіктермен нақты жоспар бекіту. Одан кейін ғана жастарды сұранысына сәйкес түрлі еңбек жасақтарына бөлу. Әрине бұл ретте оларды арнайы оқытудан өткізу тыс қалмайды. Қуантатыны, мұндай жасақтар барлық ауданды қамтымақ.

Күтілетін нәтиже де айтарлықтай. Бұл арқылы облыстағы NEET санатын­дағы жастар санын 5%-ға төмен­детуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ «Еңбек жасақта­рына» 2023 жылы 5000-ға жуық жасты тарту, әрі жастарды еңбекке баулу арқылы 3000-ға жуық жұмыс орындарын құруға болады. Бас­тысы, об­лыс­тағы жұмыс­сыз жастар санын 3%-ға дейін төмен­детуге қол жеткіземіз.

Дерек­терді парақтасақ, 2022 жылдың екінші тоқсатынын­дағы мәліметке сай еліміздегі жас­тар­дың жұмыс­сыз­дық деңгейі 3,8 пайызды (68 547 адам) құраған. Осы орайда Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі ұсынған заң жобасында жұмыссыз жастарды «Жастар жасақтары» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту көзделген еді. Мәжілістің жалпы отырында Жастар саясатына қатысты заң жобасын талқылау кезінде Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі аталған бағыт бойынша жұмыссыз жастар қоғамдық қызметтің қай салаларында еңбек ететінін айтты.

«Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою үшін «Жастар еңбек жасақтары» ұсынылып отыр. Бұл ретте 5 бағыт қарастырылған. Оның ішінде скверлер, көшелер, аулаларды тазалау, сонымен қатар парктерде жұмыс істеу, яғни жастарға ыңғайлы жеңіл жұмыстар. Олардың денсаулығына зиян тигізетін ауыр жұмыстар қарастырылмайды. Еліміздің заңнамасында көрсетілген 15 пен 29 жас арасындағы жастар тартылады. Олардың жалақысы, жұмыс тәртібі барлығы заңнамада көрсетілген. Енді заң жобасы қабылданған жағдайда жастар санатының жасы 29-дан 35-ке шығады», – деген болатын министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!