Халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсуге мүмкіндік алады. Осыған қатысты тиісті бұйрыққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойды.

«Халықаралық олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық байқаулардың тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойдым. Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізеді. Оқушыларымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алды. Осылайша ұлттық құрамамыз ІІІ орынды иеленген болатын. Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады. Жас дарындар Мемлекет басшысының шешімі арқасында осындай қолдауға ие болып отыр», – деп жазды министр желідегі парақшасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!