Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, ұшқыр ойлы, интеллектуал ұлт тәрбиелеу мақсатында «IQ-ORDA» республикалық интеллектуалды байқауы өтті. Интеллектуалды сайысқа республикамыздың алты аймағынан 20 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Республикалық сайысқа Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов арнайы қатысып, шараны ашып берді. – Өздеріңіз білесіздер, мемлекет жастардың білім-білігін көтеру, бағыт-бағдар беру мен жаңа бастамаларға қолдау білдіру сынды өзекті мәселелерді әркез қалыс қалдырған емес. Үкіметке, жергілікті басқару органдарына ұдайы тиісті тапсырмалар беріліп, жастар саясатын жүргізуге тұрақты көңіл бөлініп келеді. XXI ғасыр білімнің, интеллектуалды адам капиталының заманы. Жастарға қай заманда да көп үміт артқан, арта да бермек. Еліміздің барлық интеллектуал, эрудит жастарына бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін, – деді Нұрымбет Аманұлы.

5 кезеңнен тұратын сайыста командалар қазақ және әлем әдебиеті, Тәуелсіз Қазақстан тарихы, логикалық, кино және музыка тақырыптары бойынша арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді.

Сайыс қорытындысымен, жүлделі I орынды Қазалы ауданынан келген «Қазалы» командасы (500 000 тг), II орынды Жалағаш ауданының «J-Team» командасы (300 000 тг), III орынды Алматы қаласынан келген «Әл-Фараби» командалары (200 000 тг) иеленді. Арнайы номинациялар (50 000 тг) «Бейбарыс сұлтан ұрпақтары» Атырау облысы, «Намысты елдің ұрпақтарымыз» Ақтөбе облысы, «7SU TEAM» Жетісу облысы, «Алаш Орда» Шығыс Қазақстан облыстарының және Қармақшы ауданының «Qadam» командасы мен Қызылорда қаласының №235 мектеп құрамасы «Көмекбай жастары» командаларына бұйырды.

Білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды даралайтын сайыс ар аймақтың интеллектуал жастарын тоғыстырған бірегей жоба болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!