Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде құқық бұзушылық, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу, даму мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар балалардың жағдайы, балалар мен жасөспірімдердің мәдениет және спорт ұйымдарына қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Б.Молдабеков кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың ахуалы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларына кеңінен тоқталып өтті. Одан соң балалар мен жасөспірімдердің мәдениет және спорт ұйымдарына қол жетімділігін арттыру, даму мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар балалардың жағдайы бойынша облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ерділда Сұлтанбековтің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанованың, Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мырзағалиеваның баяндамалары тыңдалды. Жиын соңында отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты.

Сондай-ақ комиссия төрағасы Нұрымбет Аманұлы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық, қалалық комиссиялардың 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!