2023 жылы қазақстандық жастарға жеңілдетілген несие беріле бастайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытудың жаңа құралы ретінде жеңілдетілген 2,5%-дық микрокредит беру жоспарланып отыр. Оған сәйкес 2023 жылы 5,8 мың жасқа микрокредит берілмек. Мемлекет жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударады. Атап айтсақ, жыл сайын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдікпен кредиттеу» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жас еңбекпен қамтылады», – деді Олжас Ордабаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, халықты еңбекпен қамтудың тағы бір құралы – нарық сұранысына қарай азаматтарды қысқа мерзімде оқыту.

«Аталған жобаның аясында азаматтар жаңа мамандық меңгеріп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Жыл басынан бері 35,2 мың адам оқытылды», – дейді ол.

Сондай-ақ, вице-министр мемлекет субсидиялайтын жұмыспен қамтылған азаматтардың 36 пайызы (161,5 мың) жастар екенін айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл ұлттық жоба аясында 230 мың адам жұмыспен қамтылды.