«Кітап – мәдениеттің мәйегі» деген жазушы Шерхан Мұртаза. Жаһандануға ұмтылған кезеңде ұлттық діңгегімізді алыстан іздемей, жүрегі, жаны қазақ әдебиет кейіпкерлері мен отандық шығармалар арқылы өзімізді тануға талаптану шартты дүние.

«Бес жылдан кейін адамның қандай болатыны қазір оқып жүрген кітабына байланысты» деген тәмсілдің мәні тереңде. Демек бүгінгі буынның болашағы, елдің ертеңі қолындағы кітабына тікелей байланысты. Қаладағы кітапқұмарларды бір ортаға жинаған «Кітап құрттары» қозғалысының құрылғанына биыл 4 жыл толмақ. Жақсы істің жаршысы болып, басшысы да, қосшысы да бір өзі бола білген Талғат Меңдібаймен қозғалыстың бүгіні  мен кітап оқу мәдениеті туралы әңгімелескен едік.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, осыдан 4 жыл бұрын 2 ақпан күні қалада «Кітап құрттары» еріктілер тобы құрылып, мақсат пен жоспарға сай жұмыс істей бастады. Қозғалыстың басты құрамы – студенттер, жастар, түрлі салада қызмет ететін кітапқұмарлар. Иә, мұнда оқырманның жасы, жынысы, саяси көзқарасы, руы маңызды емес. Оларды біріктіретін бір ғана дүние бар: ол – осы жерде отырып-ақ он сегіз мың ғаламды шарлата алатын құдіретті кітап әлеміне деген құштарлық. Қазір топ мүшелерінің саны 100-ден асады.

«Алғашында менде қалада әлі жасалмаған, жаңа, өзімнің жаныма жақын дүние ашсам деген ой болды. Осы орайда келіншегіме үлкен рақмет айтқым келеді. Ол мені қол­дап: «Талғат, сенің арала­сатын ортаң көп, неге бәрінің басын қос­пай­сың? Мүм­кін­дік болса, екі тілді орта болсын» деген ұсыныс айтты. Осыдан соң «WhatsApp» желісі арқылы топ құрып, кітап оқиды-ау деген таныстарымды қостым. Топ атауы «Книгоманы» аталды және топта өзін артық санайтын адамдарға шыға беруге болатынын ескерттім.

3 жыл бұрын ақпан айында облыстық жастар ресурстық орталығында белсенді жас Жасұлан Алдабергеновтың көмегімен жиналдық. Топ құрамындағы мүшелердің жас ерекшеліктері 15-34 жас аралығында болды. Бастапқыда екі жүз адам қосылса, соның ішінде кітап оқуға қызыққан сексен адам ғана қалды. Бірақ «Книгоманы» деген атау ұнамады да, клубтың атын «Кітап құрттары» деп ауыстырдым. Бұл атауға көпшіліктің тиісетінін білдім. Алайда түсіне білген адамға «Кітап кеміргіштер», «Кітапқұмарлар» дегенге қарағанда есте қалатындай атау.

Әрине, атауында тұрған ештеңе жоқ, мәселе оның жұмысында. Қазіргі таңда клубтың мүшелері толық қалыптасты, олардың қатарында жас та, жасамыс та бар. «Кітап құрттарының» жұмысымен Президент те, облыс әкімі де таныс.

Қазіргі мақсат – клубтың ауқымын кеңейту, мектептерде ашу. Биылғы жаңалық ретінде авторлық құқықты айтсам болады. «Кітап құрттары» жобасының авторлық құқығы маған тиесілі. Осылайша басқа қалаларда ашып, интеллектуалдық ойындар ұйымдастыру да ойда бар», – дейді жобаның басшысы.

Қожаның орнын суперқаһармандар басты

Маркетинг дәуірі болғандықтан байып, баспаналы болуға, тұлға болуға дайындайтын кітаптар жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары қазақшаға аударылған, қазақ тілінде басылған туындылардың дені осындай. Алайда қанша уақыт өтсе де, Бердібектің Қожасына қайта оралуға құмармыз. Құпиясы шынайылықта ма, тілінде ме, белгісіз. Ал қазіргі балалардың «Қожасы» кім? Қожаның орнын қандай кейіпкер басты?

– Қожа – қазақ әдебиетіндегі архетип. Мәселен, шетелдік Марк Твеннің «Том Сойері» бүтін бір буынның ортақ сүйікті кейіпкері болса, қазақтілді оқырман, бүгінгі ата-аналардың сүйіктісі – Қожа. Яғни әр елдің әдебиетінде түпнұсқа кейіпкерлер бар. Өзінен кейінгі шығармаларға шаблон, дайын үлгі болады. Қожа шынайылығымен баурауы мүмкін, әркім өзін көреді. Сондықтан да ыстық.

Ал қазіргі балалардың Қожасы «Өрмекші адам» секілді. Оның орнын Марвелдің миллионер кейіпкерлері, супермендер басып отыр. Мұны жасырудың керегі жоқ. Керісінше, комикс форматына өтетін уақыт келді. Сол арқылы маркетингті да қолға алуға мүмкіндік бар. Қазіргі кішкентайлардан Қожаны сұрасаң, танымайды. «Менің атым – Қожаның» кейіпкері кішкентай болғанымен, үлкендерге арналған туынды. Алайда оған қайта оралып жатырмыз деп ойламаймын. Жаңа буынның талғамына сай жаңа кейіпкерлер керек сынды, – дейді Талғат Меңдібай.

Иә, суперқаһармандар арқылы Марвелдің миллиардтаған қаржы тауып отырғанын мойындау керек. 60-жылдардың басында әйгілі Ли «Фантастикалық төрттік» сериясын бастап, «Өрмекші адамды» жасөспірімдерге таныстырды және «Кек алушылар» кроссовер сериясының негізін қалады. Жарты ғасырдан кейін суперқаһармандар отряды туралы үш фильм кинематография тарихындағы ең көп табыс әкелген 10 картинаның қатарына еніп, кассасы шамамен 5 миллиард доллар жинаған. The Holliwood Reporter басылымының айтуынша, қосымша телешоуларды, бейнеойындарды және сатылымдарды есептемегенде Ли ойлап тапқан кейіпкерлердің қатысуымен түсірілген барлық фильм әлемдік кассада 21,3 миллиардтан астам доллар жинап үлгерген. Ал ең бай «кейіпкерлердің» үштігінде «қара пантера», «доктор Дум» мен «темір адам» тұр.

Кітапты кім үшін оқимыз?

Қазір кітап оқу сәнде. Әлеуметтік желіні ашсаңыз – бәрі оқымысты. Тек кім, нені, неге оқып жүргенін білмейміз. «Жұрттан қалмайық» деп оқитындардың қатары көбейе түскендей. Кім үшін оқимыз? Не үшін?

«Өз басым кішкентайымнан кітап оқимын. Кітап оқу сәнде болғанымен, «жұрттан қалмау» үшін оқимын десем өтірік. Қатардан қалмау үшін емес, өзіндік пікірімді айту үшін, өзгелердің қызығушылығын оятып, оқуға шақыру үшін оқитын шығармын.

Кітап оқуда әркімнің өз мотиві бар. Біреу шынымен сән үшін оқиды, біреу білім іздейді, біреу жаңа дүниені білгісі келеді, біреу әлеуметтік желіге сторис салу үшін қолына кітап ұстауы мүмкін. Әркімнің ұяты білсін дейміз. Сөздің де, кітаптың да киесі бар.

Не үшін оқуымыз керек? Інілеріме үнемі айтып жүремін. Кітап оқыған адам ақылды емес, оқымайтын адам ақымақ емес. Кітап оқу өмірге стимул береді. Өзіндік көзқарасыңды қалыптастырып, кез келген жағдайда дұрыс анализ жасауға, ішіңдегіні дұрыс жеткізе білуге мүмкіндік сыйлайтын кітап. Үлкендердің жастарды кітап оқымайды деп сынға алуы өздерінің қателігі деп ойлаймын. Егер үлкендер бізге бағыт-бағдар көрсетіп, өзі қолына кітап ұстап автобуста жүрсе немесе кітапты насихаттап жүріп «жастар кітап оқымайды» десе түсінуге болады. Бір жағынан, кітапқа қазір ұялы телефон, әлеуметтік желі сынды бәсекелес көп», – дейді Талғат Меңдібай.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!