Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелеріне бұған дейін қосымша беріліп келген әлеуметтік топтама монетизацияланды. Енді ата-аналар қолдауды азық-түлік түрінде емес, ақшалай ала алады, деп хабарлайды Экспресс К.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, бұл кепілдік берілген әлеуметтік топтама әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты керек тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға 2020 жылдан бастап қосымша кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылған еді. Бұл 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтығын алуға мүмкіндік беретін. Оның мөлшері 5 174 теңге деңгейінде белгіленген.

Десе де бұл көмекті алушылардан осы топтаманы заттай түрден ақшалай форматқа ауыстыру туралы ұсыныстар жиі түсіпті. Сол ұсынысты ескере отырып, министрлік 2023 жылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылдап отыр.

1 қаңтардан бастап қолданысқа кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау, ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай керекті тауарларын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді,

— делінген министрлік хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!