Шымкентте үш мемлекеттік балабақша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тексеруінен өтпеді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бірнеше жерден лас ойыншықтар мен ескірген жиһаздардан бастап, балалардың жеуге жарамсыз тағамдарына дейін көптеген заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап.

Басқармада хабарланғандай, барлығы 658 585 теңгеге 5 айыппұл салынып, келесі заң бұзушылықтар анықталды. 

  • жұмыртқаны өңдеу және сақтау талаптары сақталмаған;
  • дайындалған тағамдар мен тазалық зерттеулердің нәтижесі бойынша гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді;
  • пайдаланылатын шикізатқа тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік құжаттары ұсынылмаған;
  • кейбір топтарда жиһаздар бұзылған;
  • ойыншықтар лас, оларды жууға және өңдеуге арналған ыдыстар белгіленбеген;
  • ғимараттарда бір типті шамдар орнатылмаған, төбелік шамдар жоқ;
  • люминесцентті лампаларды сақтау және жою үшін арнайы орын қарастырылмаған;
  • дезинфекциялау құралдары гигиеналық нормаларға сәйкес келмейді;
  • температураны бақылау үшін орнатылған тоңазытқыштағы термометр жұмыс істемейді;
  • тағамды қабылдаудан бас тарту журналы ұсынылмаған;
  • өндірістік бақылау бағдарламасы ұйымдастырылмаған;
  • балаларға арналған сатып алынатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік құжаттары жоқ.Оларға ойыншықтар, жиһаздар, оқу құралдары, жеке гигиена құралдары және т.б. жатады;
  • медициналық пункттің топтық бөлмелерінде ауа температурасын бақылау үшін термометрлер орнатылмаған;
  • тазалау құралдары (шелектер, щеткалар, шүберектер) толық таңбаланбаған және жеке орындарға (санитарлық жерлерге, медициналық пункт, тамақтандыру пунктінің өндірістік бөлім, топтық бөлмелерге) бекітілмеген. Оларды гигиеналық талаптарға сай арнайы бөлінген орындарда сақтау ұйымдастырылмаған.

Сонымен қатар, 2022 жылдың 11 айында Шымкентте 3 мемлекеттік балабақша арнайы тәртіппен тексерілді. Ал жоспарлы тексерулер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының жылына екі рет мектепке дейінгі мекемелерде мониторинг жүргізуі арқылы болады. Дегенмен бұл ретте жекеменшік балабақшалар тексеруден босатылған. Мораторийге сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілері өмірге қауіп төндіретін шағымдар бойынша ғана тексерістен өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!