Әріптесіміз, «Қоғам» телеарнасының журналисі, белсенді жас көпшілікке әрдайым қол созуға асық. Назгүл Қажытаеваның ерлігі қатарластарына үлгі.

Осылайша Назгүл Қажытаева өзінің парақшасында із-түссіз жоғалған адамға қатысты ақпараттарды лезде жариялап, іздеу жұмыстарына білек сыбана атсалысқан.

«Жұмыстан тыс уақытта желіде белсенділік танытамын. Мәселе бойынша жазған жандарға қол ұшын созуға тырысамын. Бұл – соның бірі. Жекеме келген хат бойынша дереу полиция бөлімшесіне бардым. Осылайша бейтаныс адамды тез арада іздеуге кірістік. Бас аяғы 40 минуттың ішінде жоғалған адамды дария жағасынан таптық. Әлгі кісіні туыстарымен бірге судан алып шыққан

бойда ауруханаға жеткіздік. Ақ халаттылар алғашқы көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан сақтап қалды», – деді журналист.

Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Десе де «Волонтер жылымен» ғана шектелмейтін Назгүлдің белсенділігі көңіл қуантарлық. Ол бұл ісі үшін ешкімнен ештеңе күтпейді, алғыс дәметпейді. Тек жабырқаған жанды жадыратқаны жүрегіне қуаныш сыйлайды. Осыдан кейін «Ерлік тәрбиеден туады» дегенге келіспеске болмас.

«Анығында жабыққанға жақсылық жасап, қоғамның кемшін тұсын бүтіндеу жас талғамайды. Сондықтан бір мүдде үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті қарастыру барлығымызға ортақ дүние. Менің ойымша, ерікті қызмет ететін адамның ішінде алапат күш болады және ол еш қиындыққа қарамастан сені қоғаммен араласуға жетелейді. Оның үстіне мен таңдаған мамандықтың миссиясы да осы», –дейді әріптесіміз.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!