Қазір сыртқы келбетке мән беру бұрынғыдан да күшейді. Бұрын мұндай қызметке тек танымал тұлға немесе жасы үлкен адамдар ғана қызығушылық танытса, бүгінде жастардың да косметологтың көмегіне жүгінуі қалыпты жағдайға айналды.

Мысалы биыл косметология саласында жаңа әрі қауіпсіз процедураларға сұраныс ерекше өсті. Соның бірі – табиғи сұлулықты сақтауға бағытталған «Baby Botox» процедурасы. Бұл әдіс адамның бет-әлпетін түбегейлі өзгертуге емес, керісінше табиғи қалпын сақтай отырып, беттегі әжімнің алдын алуға арналған. Сарапшылардың айтуынша, қазір адамдар бұрынғыдай жасанды көрінуді емес, табиғи сұлулықты таңдауға көшкен.

Ашық дереккөзге сүйенсек, миллиондаған адам операциясыз жасалатын косметологиялық қызметтерді таңдаған. Олардың қатарында бет терісін жасарту, лазерлік күтім, ботокс, теріні ылғалдандыру және бет пішінін түзету процедуралары кең таралған.

Дегенмен, қоғамдағы көзқарас әртүрлі. Бірі өзін күтіп, сыртқы келбетіне мән беру – әр адамның жеке таңдауы десе, енді бірі мұны әлеуметтік желідегі мінсіз бейнеге ұқсауға деген ұмтылыспен байланыстырады.

Алайда мамандар кез келген процедураны жасамас бұрын мұқият ойлануға кеңес береді. Әр адамның терісі мен ағзасы әртүрлі, сондықтан кез келген қызметті тек кәсіби маманның бақылауымен ғана жасату қажет. Себебі дұрыс таңдалмаған немесе сапасыз жасалған процедура денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Сұлулыққа ұмтылу – адам табиғатына тән қасиет. Бірақ ең бастысы – өз денсаулығың мен табиғи ерекшелігіңді жоғалтпау. Себебі шынайы сұлулық – мінсіздік емес, өзіңді қабылдай білу мен күтімнің үйлесімінде.

Айжан Темірханова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!