Оқушылардың мектеп формасына қатысты ұсыныс-пікірдің қоғам талқысына түскеніне көп болды. Бірі мектеп киімінің соңғы уақытта «тым еркін» үлгіге көшкенін сынаса, енді бірі біркелкі форманың бекітілгенін талап етті. Алайда көптің қалауын орындауға халықтың әлеуметтік деңгейі мен мектеп ақуалы мүмкіндік бермей келген.

Енді, міне, биылдан бастап аталған бағытқа жан бітіп, жаңалық орын алуда. Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді.

Жаңа ереже ұл мен қызға арналған өзіндік киім ерекшелігін белгілеп, кей элементтерді нақтылаған екен. Жаңа бұйрықтың ер балаға қатысты бөлігінен бастайық. Ұлдарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелі әлде сырмалы құлпы бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет) бекітілген. Сонымен қатар соңғы уақытта сәнге айналған қысқа балақ шалбар енді талап шегінен шығады. Яғни, оқушылар киген шалбар ұзын әрі аяқтың тобығын жабуы қажет.

Ал қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе тоқылған куртка/кардиган, поло жейде мен футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан) жатады. Сонымен бірге бұрынғы талап – ұлдарға ақ жейде, қыздарға ақ блузка киім үлгісі алынып тасталды. Оған қоса сала құлаш галстук те енді міндетті элемент емес.

Бұл орайда ерекше назар аудартатын бөлік – қыздарға да, ұлдарға да мектеп формасының элементтеріне түймесі немесе сыдырмасы  бар тоқылған жемпір/кардиган, поло жейде немесе футболка қосылу. Мұндай өзгеріс көз үйренген оқушы образын біршама өзгертіп, жаңашылдық сыйлайтындай. Оның үстіне мектеп формасына ерекше белгілерді, яғни эмблема, патч, шеврон, орта білім беру ұйымдарының атауларын орналастыруға рұқсат беруі идеяның түрленуіне жол ашпақ.

Әрине, қауіпсіздік алдыңғы орында екені даумсыз. Сондықтан мектеп формасына арналған маталарға дейін талап күшейтілетін болады. Матаның тозу төзімділігі жоғары, бактерия мен микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталарды қолдануға басымдық берілмек. Министрлік бекіткен талаптан өзге қосымша ата-аналар мен заңды өкілдер, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылық кеңесінің ұсыныстары ескеріледі деп жоспарланған. Қызығы, мектеп формасының стилі мен белдемше ұзындығын таңдауды орта білім беру ұйымы және жалпы мектеп ата-анасының хаттамасымен бекітетін кеңесте анықтайды. Осы арқылы ата-ана мен оқушының талап-тілегі ескеріліп қолайлы орта қалыптастыруға жол ашылмақ.

Жалпы мектеп формасы туралы министрліктің ресми өкілдері де пікір білдіріп үлгерген.  ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызының БАҚ өкілдеріне берген ақпаратына сүйенсек, аталған бұйрықтың ескерілер тұсы көп.

«Мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлы киіммен келуге рұқсат беру ұсынылды. Мысалы, ресми пиджак немесе жакет орнына тоқылған күрте/кардиган және күнделікті жейде орнына поло жейде. Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды. Бұл толықтырулар келесі жылы мектептерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болуы үшін алдын ала басталып отыр. Бірақ бұл мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді. Бұл қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана», – дейді ресми өкіл.

Сонымен, бұйрық 2023 жылғы 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Түсінгеніміз, мұндай қадам – оқушылардың мектеп формасының нұсқаларын кеңейту жоспары ғана. Бұрынғы талаптар жеңілдетіліп, еркіндік беріледі деген сөз. Мұны экс-министр Асхат Аймағамбетов 2022 жылы былай түсіндерген болатын:

«Мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім, дәлірек, кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік беріледі», – деді.

P.S. Әлемнің дамыған елдерінде мектеп формасына қатысты талап қатаң болғанымен, еркіндік басым. Бұл оқушының ойлау өрісін кеңейтіп, әлеуметтік шектеулерді бұзуға көмектеседі. Қазақстанның да осы сүрлеуге түскені білім беру ісіндегі ілгерілеу екені сөзсіз. Ендігі белес – талапты сақтау.

Досымжан МЫРЗАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!