Оқу-ағарту министрлігі Астанада мұғалімнің 8 жасар оқушыны итеріп жіберген әрекетіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аталған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Астанада болған жағдай бізге белгілі. Біздің министрлік әлеуметтік желілердегі білім беруге қатысты қоғам назарын аудартқан мәселелерді шешуде ашық жұмыс форматын жалғастырады. Аталған факті бойынша қалалық Білім беру басқармасы тиісті шара қабылдады. Мұғалімдердің мәртебесін қорғау біздің басты назарда, ол заңмен қарастырылған. Әрине, балалардың құқығын қорғау да зор маңызға ие. Біздегі бар ақпарат бойынша Білім басқармасы мұғалімге қатаң сөгіс жариялады», – деді Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, осы секілді оқиғалар қайталанбауы мақсатында елорданың білім беру басқармасымен тиісті жұмыстар жүргізілді.

Айта кетсек, күні кеше қалалық білім басқармасы оқушыны итеріп жіберген астаналық мұғалімнің жұмыстан қуылғанын хабарлаған болатын.

«Аталған оқиға бойынша №27 мектеп-лицейі қызметтік тексеру жүргізді. Тергеу барысында 2-сынып оқушысына қатысты мұғалім тарапынан педагогика әдебіне сәйкес келмейтін факті расталды. ҚР Еңбек кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес дене шынықтыру мұғаліміне Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы негізінде қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, аталған мектептің 2023 жылғы 30 қаңтардағы «Жұмыстан босату туралы» №19 бұйрығына сәйкес және ҚР Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес мұғалім жұмыстан шығарылды», – деді қалалық білім басқармасы.

Сондай-ақ, болған оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!