Тәуелсіздік – тәтті  ұғым. Ол бізге оңай  келген  жоқ. Тәуелсіздік сөзінің  мәні мен мағынасына, астары мен  байыбына  терең  үңіліп, алысқа сапар шеккендей боламыз. Еркіндікті  аңсап,  шөлдеген  халықтың  бар  арман- тілегі,  мүддесі   тәуелсіздікке үміт артқандай еді.

    Еркіндік,  тәуелсіздік  үшін  талай  батырлар  ат үстінен  түспей, күндіз-түні  атойлап,   жаумен  шайқасты. Барлығының  ойында қазақ  халқын  қыран  құстай  ұшқан, еркіндікте  күн  кешуін  өздеріне  міндет  етіп  алған  еді. Қасық  қаны  қалғанша  шайқасып , жанын  шүберекке  түйді. «Қазақ»  деп жүрегі  соққан  батырлар  жанын  елі үшін  пида  еткен болатын.

Бүгінде көк  туымыз желбіреп, рухымыз асқақтады. Елтаңбамыз жарқырап, әнұранымыз шырқалған тұста  кеудемізді  қуанышпен қоса  тебіреніс  билейді. Көк ту – шеттегі талай жеңістің куәсі. Әдетте шетелде жүрген қазақ жастары көк туды өзге елдің көгінде көтеріп суретке түседі. Бұл да  азат ойлы Алаш баласының еркіндігі мен елге сағынышы болса керек. Расында ұлттық рәміздер халықты бір мақсатқа біріктіріп, мемлекетшіл мүддеге жұмылдыратын күш. Жақында жас ғалым Бекарыс Нұриманов әлеуметтік желідегі парақшасында ту жайлы мынадай дерекпен бөлісіпті: «Құтадғу білікті» зерттеу барысында Қарахан мемлекеті тұсындағы рәміздер туралы мәтін еріксіз назар аудартты. Сонда Жүсіп Баласағұн: «Екі нәрсе бұл бектердің абыройын өсіреді. Қара еліндегі туы, төріндегі дастарханы» деп жазыпты. Көктүрік қағанаты кезінде мемлекеттік туымызда бөрінің басы бейнелесе, бүгінде қыран мен күннің барын білесіздер. Ең қызығы екі тудың да түсі бірдей көк», ‒ дейді PhD докторы.

 Кешегі Сүйінбай бабамыздың «Бөрілі байрақ» аталатын қастерлі ұғымы қазірде маңызын жоғалтқан емес. Әлем алаңында абыройымыз асқақтап, байрағымыз биіктесе бұл ‒ тұлпар мініп, ту алған қазақтың бүгінге дейін жалғасқан бейбіт өмірінің айғағы. Ал Елтаңбаға назар салсаңыз, пішінінің дөңгелек болуы кездейсоқ емес, себебі бұл пішінді көшпенділер ерекше бағалаған. Бұл ‒ өмірдің, мәңгіліктің белгісі» дейді автор. Расында тұтас бір ұлттың бейнесі ‒ шаңырақты, қанатты мүйізді пырақты, ел бірлігі мен көшпенділер тұрмысын суреттеген Елтаңбаның қазақ үшін қашанда орны биік. Байқайсыз ба, әнұранды орындаған әрбір қазақтың ойын елге деген сүйіспеншілік, бойын мақтаныш сезім кернейді.

Аида АМАНЖОЛ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!