Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС басшысы У Чженьхуамен кездесті.

Басқосуда аймақтың өндіріс саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Кәсіпорын жетекшісі өңірде цемент өндірісін ілгерілету бағытындағы жоспарларын таныстырып, зауыттың экономикалық көрсеткіштерін баяндады. «Гежуба Шиелі» зауытында тампонаждық және портланд цемент шығарылады. Өткен жылы 1,1 млн. тонна цемент өндіріп, оның 326 мың тоннасы Өзбекстанға экспорттады. Зауыттағы еңбекпен қамтылған жұмысшылардың 90 пайызы – жергілікті мамандардан тартылған.

Аймақ басшысы өңірде өңдеу өнеркәсіп түрлерін дамыту және экспортқа бағытталған тауарларды өндіру мәселелері уақыт күттірмей шешілуі қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, кәсіпорын басшысына алдағы уақытта да жергілікті халықты жұмысқа тарту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Шиелі ауданының қажетті инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беру қажет екенін баса айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!