Сыр елінде «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республикалық патриоттық жастар форумы өткізілді. Басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар, белсенді жастар қатысты.Форумды модератор «Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі түлегі Ғалымжан Кеңшілік жүргізді.Жиында сөз бастаған аймақ басшысы жаңашылдыққа қол созған дарынды жастардың бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.

– Жастармен жүздесіп, ой бөлісетін әрбір кездесудің маңызы мен үшін ерекше. Жастарға қолдау көрсету – біздің жұмысымыз ғана емес, басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы олардың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталып отыр.Облыс әкімінің халықтың әлеуметтік осал және көп балалы отбасыларына арналған гранты 2 есеге артып, биыл 200-ге жетті. Кәсіпкерлікпен айналысам дейтін жастардың жобаларына облыстық бюджеттен 70 млн.теңге бөліп отырмыз.

Мұнан бөлек, спортпен шұғылдануға да жағдай жасалуда. Тек қала, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт нысандарының саны артып келеді. Біз қай кезде де жастардың бастамаларын қолдауға әзірміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Форумда ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова түрлі интеллектуалдық сайыста топ жарған зерделі жастардың талпынысын жоғары бағалап, олардың ұсыныстарын ескеріп, министрлік тарапынан тиісті жұмыстар жүретінін айтты. Басқосуда колледж студенті үйден оқитын балаларға арналған «Виртуалды шындық» жобасын таныстырды. Облыс әкімі мұндай әлеуметтік жобалардың келешек үшін маңызы жоғары екенін тілге тиек етіп, қолдау білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ, үздік студент Биназир Алиханқызына Мәншүк Мәметова атындағы арнайы стипендияның сертификатын табыс етті.

Форумға қатысушы жастар атынан «ТОП – 100 студент» байқауының жеңімпазы Бекзат Ешмұратов пен «WorldSkills Kazakhstan-2021» сайысының күміс жүлдегері Камила Сақтапберген Үндеуін арнады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!