Наурыз айында Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде қатарластары қатыгездікпен ұрып-соққан оқушы қайтадан ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Дина Таңсәрі мәлім етті. Оның айтуынша, төбелес кезінде оның көзіне қатты зақым келген.

«Өскеменде зәбір көрген қыз шұғыл түрде ауруханаға түсті. Өйткені 1 наурызда, яғни оқиға болған күні көзі қатты жараланғаны белгілі болды. Содан бері көзінің айналасы іріңдеп, жазылмай келеді», – деп жазды Дина Таңсәрі.

Қоғам белсендісінің сөзінше, бұл оқиғаны тергеуде көп дерек назардан тыс қалып отыр. Өйткені оқушы қызды ұрып, оны шешіндіріп, видеоға түсіріп алған қыздарға қатысты қазір тағы бірнеше тың мәлімет анықталған. Нақтырақ айтсақ, Дина Таңсәрі күдікті қыздардың топ болып тағы бір кәмелет жасына толмаған қызды сабаған видеосының скриншоты тараған.

«Ондай фактілерді қоя тұрып, мына қыздың жағдайына тоқталайық. Бұл іске кем дегенде 14 бала, яғни, 11 қыз бала және 3 ұл бала қатысқан. Олар төбелес болған жерге жиналып алып, таяқ жеп жатқан қызға күле қараған. Олар видеоның жазылып жатқанын білген, яғни күдікті қыздардың сыбайласы болған. Алайда полиция 14 баланың ішінде 11 оқушыны әлі анықтаған жоқ», – дейді Дина Таңсәрі.

Айта кетейік, наурызда желіде Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тарады. Құқыққорғаушы Дина Таңсәрі соққыға жығылған жасөспірім жайлы тың деректерді жариялады. Көп ұзамай бұзақылық жасаған қыздардың бірінің анасы қызметінен кетті.

ШҚО полиция департаменті бұған дейін аталған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2- бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!