«Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеевтың айтуынша, елдегі мектеп оқушыларының 80 пайызы ата-анасы мен мұғалімдердің ықпалымен мамандық таңдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Статистикалық мәлімет бар – зерттеу деректері бойынша, еңбекке қабілетті халықтың 60 пайыздан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұл – үлкен мәселе. Сондай-ақ мектеп оқушыларының 80 пайызы ата-анасы мен мұғалімдердің ықпалымен мамандық таңдайтынын көріп отырмыз. Бұл ретте ата-аналардың 25 пайызы балаларының қандай мамандық таңдағысы келетіні туралы түсініктері жоқ екенін мойындайды. Осы сияқты басқа да статистикалық мәліметтер біздің қоғам белсенділері ретінде жобаны қолға алуға ықпал етті», – деді «Болашақ» өкілі.

Ол биыл қауымдастық өкілдері шалғай ауылдардағы 500-ден астам мектепте кездесу өткізетінін жеткізді

«2021-22 жылдары 40-тан астам мектепке барып, кездесулер өткізген болатынбыз. 2023 жылдың соңына дейін 500-ден астам мектепті қамтымақшымыз, Басты назарда, әрине, шалғай аймақтардағы, аудандардағы мектептер болады», – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!