Қызылорда облысында көлігімен полиция қызметкерлерін 500 метрге сүйреген жүргізуші қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

8 тамыз күні Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің патрульдік қызметкерлері ережені бұзған көлік жүргізушісін тоқтатқан.

Полиция қызметкерлері заң шеңберінде көлік жүргізушісіне автокөліктен түсіп, құжаттарын көрсетуін сұраған уақытта жүргізуші олардың заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан «ізін суытпақ» болған. Көлік жүргізушісі дөрекілік танытып, өзін өте агрессивті ұстады. Қарсылық көрсеткеннен бөлек, ол көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп алып, көлікті тоқтату мақсатында әрекеттенген полиция қызметкерлерін 500 метрге дейін сүйреп барған

, – делінген полиция хабарламасында.

Мәлім етілгендей, полиция қызметкерлері түрлі дәрежеде жарақаттар алды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағына (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Көлік жүргізушісі Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік айып алаңына қойылды. Аталған бап бойынша күдікті үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта полицейлерге қарсылық көрсету, күш қолдану деректері бойынша қылмыстық істер татуласу негізінде тоқтатылмайтынын ескертеміз

, – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.

Айта кететін жайт, жыл басынан Қызылорда облысында полицейлерге қарсылық көрсетудің 6 дерегі болған. Әрбір іс бойынша заң шеңберінде тиісті шешім қабылданды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!