«Алматы» телеарнасы бүкіл еліміз үшін ауыр сынақ болған үлкен қасірет туралы журналистік зерттеу жанрындағы 5 бөлімді  деректі фильмнің үшінші бөлімін ұсынады.

Фильмде эксклюзивті сұхбат пен бұған дейін беймәлім фактілер ұсынылды. Сонымен қатар, авторлар қанды бүлік пен сұмдық алапатқа айналған наразылықтың толық хронологиясын қалпына келтіруге тырысқан.

Қаладағы екі ірі медициналық мекемелердің қоршалғаны хабарланды. Олардың бірінде жетінші қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Есенай Еспенбетов болған еді. Оның айтуынша, медперсонал түнгі қақтығыстар кезінде зардап шеккендерді және ауыр жаралыларды күні-түні қабылдаумен болған, ал аурухананың айналасында бетперде киген адамдар жүрген.  

«Кіммен-кім атысқаны белгісіз болды. Бірақ сол кездерде біздің реанимация бөлмесінің терезелеріне оқ атты. Сол жақтан науқастарды алып кеткеніміз дұрыс болғанын кейін ұқтық», – дейді №7 Қалалық ауруханасының жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Есенай Еспенбетов.  

Фильмдегі эпизодтардың бірінде № 7 қалалық аурухана дәрігерлерінің ұрыс болып жатқанда атыс пен жарылысқа қарамай, операция жасап жатқаны көрсетіледі.

«Ол кезде үрей де болды. Қорқыныш та болды. Жалғыз өзің үшін ғана емес, қол астыңда істеп жатқан дәрігер, медбикелер және реанимацияда жатқан науқастар бар. Жауапкершілік бар. Көшеде 200-ге жуық қолында қару-жарағы бар адам больницамыздың айналасында жүрді. Қоршауға алды. Содан ешкім шыға алмадық», – дейді дәрігер.

«Дәрігерлердің өзіне де, екі жүздей емделушінің өміріне де қауіп төніп тұрған жағдайда жұмыс істеуге тура келді» дейді сол кезді еске алғанда Есенай Еспенбетов. Ол алтысы күні таңертең белгісіз адамдар Райымбек көшесін жауып тастап, жанармай бекетін басып алғанын айтты. Оның аумағына тек номері жоқ көліктерді ғана кіргізіпті.  

Жаңалықтар ағынындағы белгілі режиссер, «қазақ хип-хобының» негізін қалаушы Сәкен Битаевтың қазасы туралы хабар елді елең еткізді.

Музыканттың қандай жағдайда қаза тапқаны туралы бізге жұбайы егжей-тегжейлі айтып берді.

Гүлбақыт Баекенова-Битайдың айтуынша, ол бесі күні кешке қарай,  жұмыстан кейін бүлік қызып жатқанда күйеуін іздеп қалаға барыпты. Ол түсірілімде жүрген екен. Қала көшелерінен небір сұмдықты көріпті. Жан-жақта лапылдап, жанып жатқан полицей автокөліктері, реаномобильдер, жол бойында  қаптаған тобыр бөгет жасап, қоқыс бөшкелерін өртеп жатқан. Әсіресе, ол Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында қарулы еркектермен кездескенін еске алды. Бұрын бұл жағдай туралы тіс жармаған екен, бізге бәрін айтып берді.  

«Сол кезде қасыма кішкентай көлік кеп тоқтады. Жай көзім түсіп кетті. Қараған кезімде қазақ емес, ересек, жасы 40-тар шамасында болуы керек, арықтау келген, жұқалтаңдау азамат. Қалың сақалды алғаннан кейін, орын қалады ғой аппақ болып, сондай азаматты көрдім. «Мынадай қиыншылық боп жатқан кезде мына кісі сақалын алып жүрген бе?» деген ой келді. Бірақ светофорда тұра бердім. Олардың қолдарында автомат болды. Бір қарағанымда байқамадым, Алдында отырған кісінің қолында автомат, артындағы азаматтың қолында автомат болды», – деп еске алды ол.

Сол сәтте Гүлбақыт өзін ататын шығар деп ойлапты, бірақ қарулы адамдар басқа жаққа кетіп қалыпты. Жұбайына  әзер дегенде қоңырау шалып, ұрыс қызып жатқан алаң жақта жүргенін біледі. Сосын екеуі үйінде кездеседі. Түнгі оннан кейін күйеуі досымен бірге өз көлігімен бүлік болып жатқан полиция департаментіне қарай кетеді. Масанчи көшесінде ызалы топ олардың жолын бөгейді.  

«Ол кезде қала тұман болды ғой. Машинанының орындығын артқа түсіріп, бастары көрінбеуі үшін телефонның жарығын өшіріп, кеудесіне қойып,  ана кісілердің өтіп кеткенін күтіп жатқан. Сол сәтте олар терезеге қарап, «машинадан түсіңдер» деген. «Машинаны оталдыр, кеттік» дейді Сәкен досына. Көлің тұрағынан шыға берісте оқ жаударған. Сол мародерлардың ішінен біреу атқан. Машинаға 4 оқ тиген. Төртеуі де Сәкен жақтан тиген», – деді Гүлбақыт Баекенова-Битай.

Сәкен Битаевтың артында үш баласы – екі қызы мен Гүлбақыт тоғыз айдан кейін дүниеге әкелген ұлы қалды. Ол мұрагері дүниеге келетінін білмей де кетті.

Фильм авторы Назым Мәлікқызы айтқандай, сол бір қатерлі күндерде жақындарынан, достарынан айрылғандар аз болған жоқ. Бүкіл арна болып қызметтік парызын өтеу барысында қаза тапқан әріптестері Мұратхан Базарбаевты жоқтады. Қайғылы жағдай алтыншы қаңтар күні кешке қарай қарулы топтар басып алып, өртеп жіберген қалалық әкімдік ғимаратының жанында болған еді. Түсіру тобы Алматы қаласы әкімінің кортежіне ілесіп бара жатқанда белгісіз біреулер қызметтік көлікке оқ жаудырған. Атыс кезінде салонда екі телеоператор Арсен Сандыбаев пен жараланып, екі саусағынан айрылған Диаскен Байтыбаев болған.

Сол кезде Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғайдың қызметтік көлігіне  де оқ жаудырған. Оның автокөлігінің сау жері жоқ, шұрқ тесік болыпты. Бұл жағдай да Назарбаев даңғылының бойында, резиденцияға таяу маңда болған екен. Ол басынан жараланған, бірақ әріптестерінің көмегімен атыс аумағынан аман шығыпты.

«Бізде бұрылған кезде двигательге пулеметтің оғы тиіп, өшіп қалды.Машина артқа қарай кетіп бара жатыр, өшіп қалғаннан кейін, аяғым соған қысылып, сынып кетті. Содан бес-алты қадам жүрдім де, құлап қалдым. Ол кезде басымда жарақат барын түсінбедім. Енді бәріміз, жанымда әріптесім бар, сол көмек тесіп, әйтеуір Самалдың ішімен Фурманова Әл-Фарабиғе дейін жеттік. Ол кезде аяғым сынғанын да, басымда жарақат болғанын да сезбеймін», – деп еске алады Санжар Тоғай.

Фильмде қарулы топтар басып алған Алматы әуежайының қалай бақылауға алынғаны туралы да айтылады. Қауіпсіздік саласының эксперті, Грузияның  әскери саясаттанушысы Вахтанг Маисая атап өткендей, стратегиялық нысанның қайтарып алынуы жағдайды түбегейлі өзгертіп, елімізді құрдымға кетуден құтқарып қалды.  

«Осы жүгенсіз бүлікті, Қазақстандағы жағдайдың сценарийін басқарған күштер Алматы әуежайын басып алғанда сырттан жалдамалы әскер әкелу үшін нақтылы, айқын жоспар құрған. Немесе қылмыстық құрылымдардың Қазақстаннан тыс жақта  байланысы болған», – дейді маман.

«Қаңтар оқиғасын ұйымдастыршылардың артында белгілі бір күштер тұрды» деген пікірмен Европа болашағы мен қауіпсіздігі институтының басшысы Эммануэль Дюпи де келіседі.

«Бұл біз естіген тезистерге келеді. Жағдайды арнайы қызметпен байланысы бар адамдар арандатуы немесе ұйымдастыруы мүмкін. Егер сіздердің жаңа Президенттеріңіз бұрынғы билік мұрасына күмән туғызып, реформаға қатысты ашық саясат жүргізіп жатқанын ескерсек, мұның бәрі қисынды. Жарияланған реформалар негізінде сайланған жаңа Президенттің Конституция мен президенттік мандаттағы өзгерістерді айтамын, институционалдық деңгейде реформа жүргізуі де қисынды сияқты», – дейді сарапшы.

Төртінші бөлімнің тұсаукесері келесі бейсенбіде «Алматы» каналынан көрсетіледі.

#деректі фильм#қаңтар оқиғасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!