Құрметті қаржы саласының қызметкерлері!

Сіздерді төл теңгеміздің айналымға енген күні – Ұлттық валюта күнімен және Қазақстан Республикасы қаржы органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!​1993 жылы Ұлттық валюта – Теңге айналымға енді. Осылайша бұл күн Қазақстан тарихындағы атаулы күндердің біріне айналды.​

Теңге – тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Уақыт талабына сай оның дизайны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетілдіріліп отырды. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте дүниеге келген ұлттық валютамыз ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстанның дербес қаржылық, экономикалық жүйесін қалыптастыруға негіз қалады.

Ұлттық валютаны шығарудағы атқарылуға тиіс асқаралы миссия да осы еді. Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр.​Ел экономикасын дамыту туралы сөз қозғағанда оның күретамыры – жүз жылға жуық тарихы бар қаржы жүйесін айналып өту әсте мүмкін емес. Себебі, қаржыгерлердің қатысуынсыз бірде-бір саланың толыққанды қызметін көзге елестете алмаймыз.​

Тәуелсіздік туы астында Қызылорда қаласы да дамудың талай белесін артқа тастап, қиындықтарды жеңіп, жылдан-жылға гүлденіп келеді. Дәл осындай өзгерістер мен күрделі сынақтарды теңге де басынан өткерді.

Осындай өткелең кезеңде Сіздер – қаржыгерлер өңірдің қаржы саясатын іске асыруда қанатымен су сепкен қарлығаштай ел игілігі үшін тер төгіп, аянбай қызмет еттіңіздер. Сол себепті бұл күн сіз бен біз үшін аса маңызды, айрықша қадірлі күн. Осы жылдар ішінде Сыр өңіріндегі қаржыгерлік мектебі де қалыптасып, өсіп-өркендеді.​Қымбатты қаржыгерлер, Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қаржыгер және Ұлттық валютамыз – Теңге күнімен тағы да құттықтай отырып, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!​

Тәуелсіз Қазақстанымыздың және аймақтың бас шаһары экономикасының қаржылай ахуалын нығайту жолындағы істеріңіз берекелі болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!​Тәуелсіздігіміз де, теңгеміз де тұғырлы, ғасырдан-ғасырға жетер ғұмырлы болсын!

Ізгі ниетпен, Қызылорда қаласының әкімі А. Шаменов

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!