Қызылорда облысының Арал ауданында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті.

Жиында Қазақстан Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев онлайн режимде сөз сөйлеп, Төраға орынбасары, Комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы Асқар Шәкіров, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Өзбекстан тарапынан тең төрағасы Содык Сафоев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, Олий Мәжіліс Сенатының депутаттары және Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Бахтиярұлы, Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешев қатысты. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль сарапшылық пікірін білдірді.

Кездесудің басты мақсаты – Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын одан әрі нығайту. Сондай-ақ, аталған жиын ғылым мен экология саласында білім беруге қатысты бірлескен жобаларды іске асыру.Отырыста Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынас бүгінде бауырлас елдер тарихындағы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Мұндай ынтымақтастық екі мемлекет үшін де маңызды саналатын Арал проблемасын шешуге өз ықпалын тигізеді.«Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары Арал проблемасын шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Кезінде бірегей су қоймасы болған Арал қазіргі таңда өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр.

Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндігі екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.Сенат Төрағасы Арал мәселесіне қатысты бірқатар мәселені шешу кезіндегі оң тәжірибеге тоқталды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі қаржыландырған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының қолға алынуы және оның бірінші кезеңінің іске асырылуы маңызды қадам екенін айтты. Сондай-ақ, палата Спикері қазіргі таңда теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жаңа міндеттердің ауқымды кешенін қамтитын осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.Мәулен Әшімбаев Арал аймағын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты қолдай отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының платформасын барынша пайдалану маңызды екенін жеткізді. Бұдан басқа, өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өзара тиімді және оңтайлы тәртібін іздестіру керектігін де тілге тиек етті.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған бұл отырыстың маңыздылығын атап өтті. – Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер!Мәулен Сағатханұлы, бүгінгі комиссия отырысын Арал өңірінде өткізуге шешім қабылдағаныңыз үшін Сізге және атсалысқан өзге де әріптестеріме зор ризашылығымды білдіремін.Кешеден бері Өздеріңізбен бірге Көкарал бөгетінің жағдайымен танысып, Арал қаласын аралап, енді ортақ мәселелерді талқылау үшін жиналып отырғанымызға қуаныштымын!,-деді Н.Нәлібаев.

Қос тарап өкілдері өзекті мәселені шешу жолында әріптестік пен өзара тәжірибе алмасуға ниет білдіріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-шаралар барысын айқындады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!