2022 жылғы 20 маусымнан 19 шілдеге дейін otbasybank.kz платформасында «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылданады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Отбасы банкінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңілдетілген бағдарламаға қалалар мен өңірлердің әкімдіктерінде үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтардың мына санаттары қатыса алады: 

– көпбалалы отбасы;

– мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;

– толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде үш жыл өтуі керек).

Айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларына қарыз сомасының 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған жағдайда жылдық 2% мөлшерлеме бойынша қарыздар берілетін болады. Қарыз мерзімі – 20 жылға дейін. Жеңілдікті ипотекалық бағдарламаның көмегімен жергілікті әкімдіктер желісі бойынша салынған кредиттік тұрғын үйді немесе кандидаттың таңдауы бойынша кез келген басқа тұрғын үйді (бастапқы, қайталама нарықтағы) сатып алуға болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында – 15 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған өңірде сатып алынуға тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!