Қазақстанда мұғалімдерді аттестаттау, портфолио жинау мәселесі қайта қаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев Талдықорғанда ағарту саласының мамандарымен өткен жиында айтты

«Бұдан былай мұғалімдерді тестілеу, аттестаттау, әуреге салып портфолио жинату мәселесі қайта қарастырылады. Биылдан бастап мұғалімдер бірінші кезекте өзінің санатын дәлелдеу үшін ешқандай портфолио жинаумен айналыспайтын болады. Өйткені бұл да – жемқорлыққа итермелейтін дүниелер. Ананың туыстары барып жалған сертификат алып алады екен, мынаның туыстары барып орден, медаль барып алады екен. Сөйтіп, ақша төлеп оларды жинайды. Ал ол ешкімге керек емес. Негізі аттестация – мұғалімнің жетістігі емес, мұғалімнің табысы оқушының жетістігі арқылы бағалануы керек. Екіншіден, мұғалім қалай серитификат аламын демей, оқушының білімімен айналысуы керек. Ал министрлік оқушысы жетістікке жеткен мұғалімдерді сырттай бақылау арқылы автоматты түрде оның категориясын өзіміз әкеп беруіміз керек», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев «Алтын белгі» алу үшін ата-аналар түрлі қулық-сұмдыққа баратынын хабарлаған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!