Қостанай облысында ірі көлемде болған алапат өртке трактор жүргізушісі кінәлі болып шықты. Oл Қостанай облысының Әулиекөл сотының шешімімен бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tobol Info сайтына сілтеме жасап.

«2022 жылдың 22 желтоқсанында Әулиекөл аудандық соты 44 жастағы тракторшы Александр Рапейкоға қатысты үкім шығарды», – делінген ақпаратта.

Істі Бас прокуратура тергеген. Сотта тракторшы Александр Репейко кінәсін мойындап, Әулиекөл ауданы прокурорының рұқсатымен процессуалдық келісім жасалғаны айтылады.

Сот үкіміне сәйкес, 2 қыркүйекте тракторшы тіркемені бір жерден екінші жерге тасымалдауға келіскен.

Жол орман арасынан өткен, күн өте ыстық әрі желді болған, ал Александр Репейко тракторды сору құбырында ұшқын сөндіргішсіз және цилиндр-поршеньдік топ ақауымен басқарған.

«Салдарынан «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ, «Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі» КММ аумақтары мен Әулиекөл ауданына қарасты елді мекендерді шарпыған іштен жанатын қозғалтқыштың газ шығару жүйесінен шыққан ұшқыннан өрт шығып, – Аманқарағай және Озерное ауылдары мемлекетке, жеке және заңды тұлғаларға ірі және аса ірі көлемде зиян келтірген», – делінген соттың шешімінде.

Тракторшы ешкімнің шығынын өтеуге міндеттелмегені атап өтіледі.

Басылым сондай-ақ Басаман орман шаруашылығының директоры Асхат Жақашевқа қатысты іс әлі тергеліп жатқанын, оның түрмеде отырғанын жазады.

«Жақашевтың адвокаты ретінде мен Репейкоға қатысты қылмыстық істің қаралғанына және менің қорғауымдағы адамды тіпті сотқа да шақырмағанына қатты наразы болдым. Оның үстіне біз үкімді кездейсоқ естідік. Сот пен прокуратураға қойылатын сұрақтарымыз әлі де көп»,- дейді орман шаруашылығы директорының заңгері Сабыржан Иманбаев.

Қостанайлық «Наша газета» бұған қосымша Рудный қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Николай Гинжатовтың сөзін келтіреді.

«Орман учаскесінен басқа жаққа тіркемені таситын тракторшыны қолдан айыпты етіп жасағандай әсер қалдырады. Үкімде сотталушының кінәсін дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Тіпті үкімде трактордың белгілі бір ақаулығының орман өрті түріндегі салдарлармен себептік байланысы ешқандай түрде зерттелмеген», – дейді құқық қорғаушы.

Еске салайық, 2 мың гектар аумақты алып жатқан орман өртін сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен бөлек тағы үш облыстың қызметі Қостанай облысына аттанды. Облыста қалыптасқан жағдайға байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Өрт Озерный ауылына тарады. Экология министрлігінің мәліметінше, 50-ге жуық үй өртенген. 3 қыркүйек күні кешке қарай өрт аумағы 3 мың гектарға дейін өсіп, облыстағы елді мекендер көшіріліп жатқаны белгілі болды.

«ҚазАвтоЖол» 3 қыркүйек күні кешке жағдайдың жақсаруына байланысты жабылған жолдың ашылғанын хабарлады.

Алғашында болып жатқан оқиғалар барысында мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев орман өртіне байланысты Қостанай облысына сапардан бас тартқысы келмейтінін айтқан, алайда кейін президенттің бұл оқиғаға байланысты облыстағы жедел штабқа баруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Тіпті кейінірек Ақорда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілгенін, бірақ президент Тоқаев өртке байланысты Қостанай облысына баратынын мәлімдеді.

4 қыркүйек күні Қостанай облысындағы өрт кезінде 1936 жылы туған қарияның қаза тапқаны белгілі болды.

Бас прокуратура өртке байланысты үш қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қостанай облысындағы оқиғалар бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (Отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет), 341-бабының 1-бөлігі (Ормандарды жою), 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Halyq Bank өрт салдарынан үйсіз қалған отбасыларға 1 млн теңгеден берілетінін айтты

4 қыркүйек күні Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді.

Қостанай облысында өрттен кейін кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген шығын 200 млн теңгені құраған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!