Zero деген ерекше атаумен кезекті отандық фильм түсіріліп жатыр. Продюсері әрі басты рөлді сомдайтын актер – танымал әнші Бағлан Әбдірайымов. Құмар ойынға тәуелді адамның өмірі осы фильмде көрініс таппақ. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.Түсірілім басталғанына үш апта болды. Бүгінгі локация жаттығу залында. Шаршы алаңда Бағланды Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев жаттықтырып жатыр. Кезекті дубль. Кезекті диалог. Көпшілікке әнші қырымен танымал Бағлан бұл фильмде өзін сомдайды. Сценарий үш жыл бұрын жарыққа шыққан өзінің «Ақ пен қара» кітабына негізделіп жазылған.»Адасқам, ойнағам. Бірақ кейіннен ел алдында мойындау арқылы, не үшін адастым, неге ойнадым деген сұрақтар қою арқылы кейін түсіне бастадым. Zero дегеніміз, біріншіден, біз әшейін қарапайым өмірде қолданамыз ғой, зироу – нөл. Ойнаған адам, адасқан адам, банкрот болған адам нөл болады. Ал енді кейбір жетістікке жеткен адамдардың да әңгімесі бар, «мен нөлден бастағам» деген сияқты. Осындай тақырыпты ашып тұр»,- дейді фильм продюсері, Бағлан Әбдірайымов. Фильм режиссері Руслан Расылхан туындының түсірілуіне түрткі болған адамдардың бірі. Өйткені Бағланның казинода адасқан жылдары қасында бірге жүрген, бәрін өз көзімен көрген. Құмар ойынның құлына айналған досын сол ұйықтан шығаруға талай тырысқан да. Сценарий таза өмірде болған оқиға негізінде жазылған.»Қазіргі түсіріліп жатқан фильмнің желісі толығымен өмірде болған. Бағланның басынан өткен. Тимур Жақсылықов ағамызбен кездесіп, осыны айтып бергеннен кейін, қане, жігіттер, кино түсірейік деді. Бағланның осы әрекеттен шығуына Бахтияр Артаевтың үлкен, бірден бір себебі тиген. Сол себепті де осы кішкентай сәтті киноға қостық», – деді фильм режиссері Руслан Расылхан. Түсірілім алты күннен кейін аяқталады. Артынша бірден монтажы басталады. Ойлаған жоспары орындалса, фильм жаңа жылдан кейін көрерменге жол тартады. #кино #Бағлан Әбдірайымов

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!