Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында консультативтік-кеңесші органдардың саны қысқарғаны айтылды.

Президент Жарлығымен бюрократиядан арылтудың қағидаттары айқындалып, оның ішінде нақты басшының құзыреті аясында кіретін шешімдерді қабылдау және мәселелерді келісуді алқалы органдарға беруге жол бермеу мәселесі белгіленді.

Аталған тапсырмаға сәйкес облыс әкімдігі жанында құрылған консультативтік-кеңесші органдарға (кеңес, комиссия, жұмысшы топ, штаб және т.б.) мониторинг жүргізілді.

Нәтижесінде мерзімі өткен, өз маңыздылығын жоғалтқан және жұмыс жасау тәртібі нақты белгіленбеген 108 консультативтік-кеңесші органдар анықталып, оларды тарату ұсынылды.

– Облыстық деңгейде құрылған 185 консультативтік-кеңесші органдардың 108-ін тарату туралы өкім мен қаулыға қол қойдым.

Бұдан былай біз комиссиялар құруда сан қуалап емес, нақты жұмыс істейтін, сындарлы шешім қабылдайтын комиссияларға басымдық береміз.

Болашақта мұндай шешімдерді мемлекеттік органның басшылары өздері жауапкершілікке алып, тікелей қабылдауы тиіс деп есептеймін, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар облыс әкімі жұмысты тиімді жолға қою мақсатында басқармалардың атқаратын функцияларының өзара ұқсастығын ескеріп, біріктіру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Жүргізілген оңтайландыру реформасы ықшамды мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған және бұл былтырғы жүргізілген қысқартудың логикалық жалғасы.

Бұл уақыт қажеттілігіне қарай икемді аппарат құру арқылы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға жасалған қадамның бірі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!