aikyn.kz

Қызылорда облысында өткен жыл еншісінде кейбір бағытта бөлінген қаржы игерілмей қалған. Бұл жайында облыс бюджетінің игерілуі және 2023 жылы республикалық бюджет есебінен жобалардың қаржыландыру барысы мен мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізілу мәселелері бойынша өткен жиында мәлім болды.

Жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жыл қорытындысымен облыс бюджеті қаражатының игерілуі 99,5%-ды құрап, Қызылорда өңірі республика көлемінде қаржы игеру бойынша 3 орында екенін атап өтті. Алайда, 2022 жылдың қорытындысымен Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласында бюджет қаржысы толыққанды игерілмеген. Бұл өз кезегінде тиісті сала жұмысының жандануына кері әсер ететіні сөзсіз.

– «Бюджет қаражатын алу үлкен еңбекпен келеді. Мен үнемі барлық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржыларының тиімді әрі мақсатты жоспарлануына және уақытылы игерілуіне қатаң талап болатынын ескертіп келемін. Бюджеттің әр тиыны сұраулы. Әрбір жобаның мерзіміне қарай, мердігерлермен уақытылы жұмыс жасалуы керек. Мәселен, жаңа мектептердің құрылысын аяқтау жыл соңында деп белгіленеді, бірақ оқу жылы қыркүйекте басталады. Бұл жоспарлау да дұрыс емес. Бюджет қаржысын бағыттау барысында жобалардың мерзімі ескерілмейді.  Соның салдарынан қаржы толық игерілмейді. Сондықтан қала, аудан әкімдері қаражатты халыққа ең қажетті деген мәселелерге бағыттауы керек», – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде облыс әкімі Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовке ескерту жасады. Қала, аудан әкімдеріне барлық қаражат толық, сапалы және уақытылы игерілу үшін заңға сәйкес тауар жеткізушілер және мердігерлер арасында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Жиында облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай бюджетті игеру бағыты бойынша талдау қорытындысын баяндады.

Соның ішінде жыл шеңберінде бюджетті нақтылау барысында облыстың бюджет көлемін республикалық трансферттер және өз кірістері есебінен ұлғайту барысы талқыланды.

Биыл облыс бюджеті 520,7 млрд теңгеге бекітілді. Оның ішінде субвенция көлемі 2022 жылғы 184,2 млрд теңгеден 2023 жылы 400,5 млрд теңгеге, яғни, 2 есеге көбейген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!