Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отыз бірінші сессиясында Президент Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Міне бүгін Президент Қазақстандықтарға жолдаған үндеуінде 2022 жылдың 5 маусымында республикалық референдум өтетін атап өтті.
1995 жылы қазіргі Ата заңға осындай жолмен енгізілген өзгерістен кейін, елімізде жаңа бастамалар жасалғаны баршамызға белгілі. Референдум өткізу бойынша әлеуметтік желілерде пікірлер көп. Мен азаматтық қоғам өкілі және заң ғылымдарының магистрі ретінде бұл бастамаға өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біздер үшін таңсық емес. Ата заң бұған дейін де талай рет өзгерген. Бірақ, ешкім қарапайым халықтың пікірін сұраған жоқ. Өзгерістердің жобасы Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың «бір ауыздан» мақұлдауымен өзгертіліп келді. Бекітілген нұсқасын БАҚ беттерінен көріп келдік. Шыны керек, осы жолы да солай болады деп ойладық. Бірақ, Президент Ата заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсынып отыр.
Бұл бастама Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жағдайында қажет. Мемлекет басшысы өз ұсынысында «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп атап өтті.Расымен де, мемлекет халықты ести бастағандай. Мемлекет тағдырын жекелеген азаматтар емес, тұтас халықтың өзі шешуі керек санаймын. Жандос Тұсмағамбетов,»Партиялық емес бақылау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысының филиал Төрағасы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!