«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша құрылыс және жобалау жұмыстарында проблемалар баршылық. Бұл туралы депутат Жанболат Жөргенбаев бүгінгі Сенаттың жалпы отырысында мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат ұлттық жобаға сәйкес 2025 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша 2,6 трлн теңгеге 401 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын еске салды. Бұл ретте конкурсқа қатысып жатқан жергілікті орта кәсіпкерлік өкілдері олардың атына негізсіз шағымдар айтылатынын, ал тендерлік құжаттардағы талаптар тек ірі бизнеске бағытталғанын айтқан.

«Талаптарға сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті жеткізушіге кейінгі 5 жыл ішінде жыл сайын кемінде 500 млн теңге салық төлегендерге шартты жеңілдік береді. Бұл ретте, ел аумағында тиісті талапқа тек 4-5 ұйым ғана сай келіп тұр. Сондықтан, аталған талаптар белгілі бір заңды тұлғалардың пайдасына «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды монополиялауға, сондай-ақ жобаға қатысқысы келетін басқа да ұйымдарды себеп болып отыр», – деді депутат.

Жөргенбаевтың айтуынша, іс жүзінде ірі «жеңімпаз компаниялардың» басым көпшілігі негізгі жұмыс көлемін орындау үшін қосалқы мердігерлік жұмыстарға әлдеқайда аз сомаға шағын және орта бизнес өкілдерін тартады. Жұмыс сапасының төмендігі және құрылыс мерзімдерінің бұзылу қаупі соның нәтижесінде орын алады.

«Үкіметтен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бағытындағы құрылыс-жобалау жұмыстары аясында монополиялануына жол бермеуді, орта бизнес үшін сатып алулардағы бар кедергілерді жоюды, бюджет қаржысы есебінен орындалатын қызметтер мен жұмыстар бойынша «бас мердігер» мен «қосалқы мердігердің» міндеттемесі мен жауапкершілігін белгілеуді сұраймын», – деді сенатор.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!