«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген қазақтың қағытпа қалжыңға құрметі ерекше. Әзіл арқылы қоғамның «жарасын» жалпыға көрсетіп, емдеп алуға да, ақтарылып, айқайлай күлуге де, сырың мен шыныңды бөлісуге мүмкіндік бар. Махаббат Сәрсәмбаева – алматылық «Желтоқсан» стендап клубының стендап комигі. Әзілді терапия деп танитын кейіпкерімізбен қазақстандық стендап индустриясының бүгіні, қыздардың «қалжыңы» мен жеке шығармашылығы жөнінде тілдескен едік.

– Махаббат, әзілге деген қызығушылы­ғыңыз қалай басталды? Балалық шаққа оралсақ…

– Өзім Ақтөбенің тумасымын. Кішкентай кезіме келер болсақ, мектептен тыс кезде бос уақыты болмаған баламын. Музыкалық мектепте скрипка аспабы бойынша 7 жыл оқыдым. Жалпы 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін менде үздіксіз үйірмелер, қосымша айналысатын хоббилар болды. Скрипка, сурет өнері сынды қосымшаларға неге көп қатысқанымды білмеймін. Бірақ соның арқасында өзіме не ұнайтынын түсіндім.

9 сынып оқып жүргенде маған сыныптастарым «Сен күлкілісің, күшті әзілдейсің» деп айта бастады. «Мүмкін, комеди клабқа барарсың» деп әзілдейтін. Олардың сөзін шынайы қабылдамаппын. Осылай уақыт өте берді. 9 сынып оқып жүргенімде анам: «Дизайнерлікке тапсырып көрерсің? ЖОО-да жүріп қосымша «КВН» ойнауға да мүмкіндік болады» деді. Ол кезде әлі де суретпен айналысатынмын. Осылайша архитектор мамандығына тапсырдым. Маған әзілдеу де, әзіл өнері де қатты ұнайтын. Сондықтан университетте қосымша «КВН» ойындарына қатысып жүріп, командадан бөлек жеке өнер көрсеткім келетінін түсіндім. Осылайша стендапқа келдім.

Үйде әкем мен әжем үнемі әзілдесіп, қалжыңдасып отырады. Әкем – көпті аузына қаратып сөйлейтін, үнемі көпшілікті күлдіріп отыратын адам. Қонаққа барсақ та, бірдеңені әңгімелегенді, әзілдескенді жақсы көреді. Әзілге деген қызығушылығым әкем мен әжемнен келген шығар. Менің ойымша, әр адам әзілдей алуы керек.

– Әзіл әйелдердің ісі емес… Алайда стендап комик әйелдер қатары көбеюде. Сонда әзіл әлеміндегі қыздарды қоғам мойындамай ма?

– Мен осы жаттанды, таптаурын түсінікке қарсымын. Дұрысы әр стендап комиктің өз көрермені бар. «Әйелдер әзілдей алмайды, әзіл жаза алмайды» деген жаттанды ойды қоғамға кім таңып қойғанын білмеймін. Алайда команданың әзілін жазатын мен едім. Байқап қарасаңыз, квн командаларында бірнеше ұл мен бір қыз болады. Онда да не ерекше сұлу, не артық салмақтағы, денесі ірілеу, не өзін ұлдар сияқты ұстайтын қызды таңдап алатын. Басқа рөлдерге қыздарды алмайды. Себебі қыздарға сенбейтін. Неге екенін білмеймін. Тек қана қыздардан құралған команда болса, оның әзілдерін өткізбейтін.

Меніңше, әзілдеу адам табиғатына байланысты. Әзілді түсінбейтін қыздар да, жігіттер де бар. Сондықтан жалпылама баға берудің қажеті жоқ. Бірақ қазір қазақстандық стендапта қыздардың саны да, сапасы да көбеюде. Көрермен де артып келеді. Мәселен, менің көрерменім тек қыздар дей алмаймын. Арасында жігіттер де бар. Ресейлік стендап индустриясын қарасаңыз, көрерменді ұстап тұрған қыздардың әзілі десек болады.

– Қалай ойлайсыз, әзіл өнері өміріңіздің соңына дейін сүйікті ісіңіз болып қала ма?

– Әрине, әзіл мен үшін бірінші орында. Өмірімнің соңына дейін сүйікті ісім боп қалады. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені әзілсіз өткен күнім жоқ. Адамдар әзілдесе алуы қажет. Қалжыңды қабылдай білуі керек. Яғни, әзіл өмір сүруі керек. Себебі сөз арқылы өмірдегі ең қиын сәттерді де әзілдеуге мүмкіндік бар. Мен стендапта әзілдің бәрін өз өмірімнен аламын. Басымнан өткен қандайда бір жағдай, шарасыз сәттер, іштегі уайымымды әзілге айналдырып, сахнада көрерменмен бөліскеннен кейін рахаттанып қаламын. Сол болған оқиғаға жеңіл қарай бастаймын. Яғни, әзіл – менің жанымның терапиясы.

– Стендап форматы жағынан квн ойындары мен «Жайдарманды» алмастыра бастағандай…

– Жайдарманды білмеймін, бірақ «КВН» ойындарына ешкім бармайтын сияқты. Ол жерде алдын ала дайындалады, командамен шығады, сценарий бар. Яғни сахнада ойын ойнайды, кішкене шынайылық жетіспейтін секілді. Ал стендапта дәл сол сәттегі ішкі күйді, адамның жанын сезінуге болады. Шынайылық бар. Неге стендапқа келетіндер көбеюде? Себебі комиктердің әңгімесі, әзілдерінен өз өмірін, өзін көреді.

Алматының өзінде бір жыл бұрын стендаптың даму жағдайы басқаша еді. Қазір ай сайын жаңаруда. Менің ойымша әзіл өлмейді. Қазақстандық стендап енді ғана өз өмірін бастады. Болашағы да, өзгерістер де әлі алда. Тіпті, жақын арада шетелдерге шығып, сұранысқа ие болады деп ойлаймын. ТМД елдерінде танымал болуға мүмкіндігі бар.

– Сұқбат үшін рақмет, Махаббат!

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!