Соңғы онжылдықта ғаламдық жылыну, климаттың өзгеруі, зиянды қоспалар қалдығы секілді мәселелер экология тақырыбының мәнін аша түскенін білеміз. Әсіресе, Қазақстан үшін өзекті актуалға айналған Арал теңізінің тартылуы мен Семей полигоны Орталық Азиядағы экологиялық жағдайдың қозғаушы күшіне баланып, зерттеу жұмысы жүруде. Осы орайда қызықты құбылыс байқалады. Осыншалықты маңызды нысан мен мәселенің бел ортасындағы біздің елде экологтарға сұраныс артқанымен, аталған мамандықты игеруге құлықты маман аз.

Алдымен экологтың негізгі міндетінен бастайық. Себебі, мектеп бітірген жас түлектер мамандықтың мән-маңызын жете ұқпаған соң көңіл бөле бермейтін секілді. Әйтпесе, бұл саланың салмағы «аула тазалау», «қоршаған ортаны қорғауға үндеу челленджінен» анағұрлым маңызды екені сөзсіз. Жалпы, сала мамандары қоршаған орта сапасын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау және қоғамның тұрақты экологиялық дамуының қолайлы деңгейіне жеткізуді назарда ұстайды. Тіпті, мамандар су көздеріне, атмосфералық ауаға, өнеркәсіптік қалдықтарға, топырақтың құрамына, радиациялық қауіпсіздікке, ең қарапайымы – автокөліктен шығатын газдардың мөлшеріне дейін бақылауға алады. Мұның бәрі кәсіби мамандардың біз біле бермейтін ерекшелігі. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми зерттеу, зертханалық жұмыс арқылы халықтың қолайына жақпайтын жайттарды анықтап, адам денсаулығына нұқсан келтіретін кедергілерді жоюға септеседі. Қазақ қасіретіне айналған Семей полигонының жабылуы, Арал теңізіне лайықты назар аударылуы, сирек кездесетін жануарлардың қорғауға алынуына да экологтардың көмегі зор.

Ал облыстағы экология мәселесіне жастардың ой-пікірі қандай? Қызылордалық түлектер туған жерде қызмет етуге құлықты ма? Мұны əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің экология мамандығының студенті Қасым Жалғасбектен сұрап білдік:

– Жас маман ретінде аймақтағы экология ахуалы алаңдатады. Байқоңыр ғарыш айлағында зымырандардың ұшуы азайғанын, өнеркәсіп орындарынан шығатын ластаушы заттар мөлшерінің төмендегенін және қазіргі жас жеткіншектерде экомәдениеттің қалыптасқанын ескерсек, жағдай қалыпты көрінуі ықтимал. Алайда Арал теңізінің тартылуы, Қызылорда қаласы және облыс бойынша тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу және қалдықтарды басқарудың ретсіз жүйесі саладағы салғырттықты көрсетіп келеді. Мысалы, облыста күріш өңдейтін 50-ден астам ірі және шағын зауыттар жұмыс істейді, сәйкесінше жыл сайын күріш қабығының біраз көлемі жиналады. Күріш қауызы шірімейді және мал азық болғандықтан қоршаған ортаға зияны мол. Міне, осы жайттар алған білімімді Сыр өңірінде пйдаға жаратуға итермелейтіні сөзсіз, – дейді жас маман.

Расында, «Талсыз аймақ», «қураған мекен» деген түсініктен енді ғана арыла бастаған облысқа эколог мамандар керек-ақ. Олай дейтініміз, Байқоңырдағы зымаран ұшыру қауіпі, химиялық сауыттардың қалдығын қадағалау мәселесі өршіп тұрған шақта кәсіби баға берер білікті маманның болу ауадай қажет. Ескірген маман әзірлеу жүйесі, қоршаған орта үшін қоғамның жауапкершілік арқаламауы осы олқылықтардың белең алуына басты себеп болуда. Осы орайда қоғамдағы экомәдениеттің қалыптасу деңгейі туралы маман пікіріне назар аударайық:

– Мамандық бойынша алған біліміңді маман ретінде жұмыс барысында пайдалана білу ‒ үлкен жауапкершілік. Қай салада болсын, жауапкершілікті сезіну, ізденіс, білім талап етіледі. Өңірімізде жас эколог мамандардың қатысуымен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылып келеді. Атап айтсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Бірге Таза Қазақстан» акциясының нәтижесінде өңіріміздің экологиялық жағдайы жақсарып, жастардың қоршаған ортаға деген жаңашырлығы арта түсті. Бұл жұмысқа еріктілер де атсалысты. Мұның өзі өңірдегі экологиялық мәдениеттің қалыптасқанын көрсетеді, – дейді Экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы Оразғали Нұрғалиұлы.

Иә, экомәдениет – өркениет көрсеткіші. Алайда жалаң мәдениет жағдайды түземейтіні анық. Жүйелі өзегеріс пен маман дайындау стратегиясы сараланса ғана мәселенің салдары мен себебі жойылар еді. Дегенмен, бітіруші түлектің көбі эколог маман болуға қызығар емес. Көбінің уәжі – төмен жалақы мен мамандық беделі. Оқуды бітіре сала қаржылық қиындық пен бір қызметте тұралау қорқынышы бар.

Бір қарағанда, жасөспірімдердің ойлауы да орынды секілді. Себебі, облыста экологқа жұмыс орны тапшы екенін айтпағанда, жеке компаниялардың өзі мамандарға жалақыны жарытпай отыр. Мұндай жағдайда мамандық мәртебесі мен мамандардың әлеуметтік жағдайы туралы сөз қозғау қиынның қиыны.

– Экология мамандығыны  бойынша оқуға түскім-ақ келеді. Алайда айлық табыс деңгейіне байланысты ойымнан бас тарттым. Ата-анам да экономист немесе заңгер болғанымды қалайды, – дейді сырбойылық оқушы Самат Өктембаев.

Әрине, қай мамандықтың болмасын қадірі артса, сұраныс көтерілері белгілі. Бүгінде жастардың экология саласына бет бұрмауы да жүйелі назар аудармаудың салдары. Мамандық статусын көтеріп, жұмыс орнын қалыптастырып, жалақы жайын ретке келтірсе, елге қамқор жастың ойланбай аталған мамандықтың тізгінін ұстары анық.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!