Павлодар облысы Май ауданының жер қатынастары бөлімінің бастығы Еңлік Тайшыбаева қызметтік автокөлікті мас күйде басқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Тайшибаева Еңлік Ұзаққызы ҚР ӘҚБтК 608 – бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза қолдансын», – делінген Павлодар облысы Май аудандық сотының қаулысында.

Құжатқа сәйкес, оқиға 2022 жылдың қазан айында болған – әйел бір шөлмек сыра ішіп, түнде қызметтік көлікті тізгіндеген, көп ұзамай ол аудан орталығы – Көктөбе ауылында ұсталды.

2022 жылғы 7 ақпанда бұл істі Павлодар облысының Әдеп жөніндегі кеңесі қарады. Кеңес мүшелері Май ауданының әкіміне Тайшыбаеваны қызметінен босатуды ұсынды.

Шенеунік жер қатынастары бөлімін 2005 жылдан бастап басқарған, ал мемлекеттік қызметте 1992 жылдан бері жұмыс істейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!