Кеңесте Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Үкіметте ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ЖІӨ өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету мақсатында экономика салаларында өсудің қосымша көздері пысықталатынын баяндады. Атап айтқанда, тау-кен өндіру секторын дамытуға, оның ішінде ірі мұнай-газ жобаларын, өңдеу өнеркәсібін, АӨК, ШОБ және қызмет көрсету секторын жандандыруға баса назар аударылатын болады.

Макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін жақсарту мақсатында бюджет тапшылығын азайту, мемлекеттік қарызды тұрақтандыру және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Бюджеттің теңгерімділігі мұнайға қатысты емес түсімдерді ұлғайту есебінен, оның ішінде тиімсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастау есебінен қамтамасыз етіледі.

Инфляцияны төмендету мақсатында Ұлттық банкпен бірлесіп өзектендірілген тиісті Кешенді жоспарды іске асыру жалғасады. Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға басты назар аударылатын болады.

Жаңа Салық кодексі шеңберінде қосылған құны жоғары өнім өндіруге инвестициялар тартуға және технологиялық экспортты ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін қайта бағдарлау, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу, қайта өңдеу нысандарын салу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау есебінен қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша рентабельділігі төмен жаңа жобаларға салық жүктемесін азайту мәселелері пысықталуда.

Қазіргі кезде электрмен, жылумен, сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің тозуын азайту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатына көшу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда тарифтерді өзгертудің барлық құқықтық негіздері қалыптастырылды. Бұл ретте, олардың өсімі өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңімен орын алатын болады. Сонымен қатар барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтердің әділ құнын қамтамасыз ету мақсатында тұтынудың әлеуметтік нормасын енгізу тетіктері әзірленетін болады.

Әкімшілік реформа бойынша жұмыс жалғасады. Мәселен, 2023-2024 жылдары аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын пилоттық режимде, ал 2025 жылдан бастап – барлық жерде өткізу жоспарланып отыр.

Бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев сөз сөйледі. Бұл жұмыстың негізгі бағыты өнімсіз делдалдарды анықтау және болдырмау мақсатында өнім өндіруден сатуға дейінгі баға белгілеу тізбегін талдауға бағытталғанын атап өтті. Мәселен, бүгінгі таңда 1 389 тізбек талданып, оның 332-сінде сауда қызметін бұзу қаупі анықталды. Нақты фактілер анықталса мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады. Атап айтқанда, жыл басынан бері 132 делдалдық схеманың жолы кесілді.

Сонымен қатар, электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректер операторларының мәліметтерін пайдалана отырып, ӘМАТ бағасының мониторингі процесін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде әрбір ӘМАТ бойынша баға белгілеу процесі ашық болады, бұл онлайн режимде өнімсіз делдалдар мен алыпсатарларды анықтауға мүмкіндік береді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Екібастұз энергия торабын кешенді түрде жаңғырту жүргізілетінін, бұл шамамен 3 ГВт жаңа генерацияны енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ желтоқсан айында қуаты 500 МВт Екібастұз ГРЭС-1-де 1-ші энергоблок қалпына келтіріледі. Жалпы қуаты 1 200 МВт-тан асатын 3 және 4 энергия блоктарын енгізу арқылы ГРЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы қуаты 1 200 МВт болатын 5 және 6 энергия блоктарын салу бойынша жобалау алдындағы жұмыстар басталады.

Екібастұз ЖЭО жаңғырту шеңберінде осы жылы ұзындығы 5,3 км жылу желілерін күрделі жөндеуді аяқтау, 5 су жылыту қазандығы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу, ЖЭО-ның 3 энергетикалық қазандығын, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды жаңғыртуды соңына дейін жеткізу жоспарлануда.

Жалпы, экономиканың электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу үшін 2035 жылға дейін 17,3 ГВт жаңа қуаттар енгізілетін болады.

Сондай-ақ министр дизель отынының жалпы қорының 370 мың тоннаға дейін ұлғайғанын, бұл елдің 21 тәуліктік қажеттілігін өтеуге жеткілікті екенін атап өтті. Тұтастай алғанда, нарықтық экономикаға қарай қабылданған бағдар мұнай өңдеу зауыттарының техникалық қайта жарақталуы мен сенімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!