11 ақпан сенбі күні Түркияның құқық қорғау органдары тонау және алаяқтық жасады деп күдікке ілінген 98 адамды қамауға алды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Хатай провинциясындағы ғимараттарды тонады деген күдікпен 40 адам қамауға алынды. Күдіктілерден 11 мың доллар, 70 мың түрік лирасы, 20 ұялы телефон, сегіз ноутбук, бес тұрмыстық техника, алты тапанша мен үш мылтық, зергерлік бұйымдар және банк карталары тәркіленді.

Екі адам өзін гуманитарлық көмек қызметкері ретінде көрсетіп, Хатайдағы зардап шеккендерге арналған алты азық-түлік жүк көлігін ұрламақ болды.

Сонымен қатар, билік жер сілкінісінен кейін зардап шеккендерге қоңырау шалған бірнеше адамды тұтқындады. Олар көмек көрсету үшін банк деректерін сұраған.

Осыған ұқсас оқиғалар – Кахраманмараше, Адияман, Малатье, Османия, Адана, Газиантеп және Шанлыурфта тіркелді. Онда да күдіктілер қамауға алынды.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккен провинцияларда тонау жағдайлары туралы мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, кейбір надандар тонаумен айналысады. Төтенше жағдайды енгізе отырып, мемлекет бұл мәселе бойынша өкілеттіктерді өз қолына алды және қажетті шаралар қабылданады», – деді Ердоған.

Осыған дейін елде мародерлер көбейіп, оны тұрғындардың өзі жазалағаны хабарланды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!